Ғылым мен технология қарыштаған сайын, қоғамда дінге деген бетбұрыс әлемдік деңгейде дамуда. Әрине, жаһандық құбылыстан Қазақ елі де жырақ қалмақ емес. Осы ретте қоғамда, әсіресе, ел болашағының ертеңі жастар арасында заман талабына сай дұрыс діни түсінікті қалыптастыра білу ең маңызды мәселелердің қатарында.
Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Ал жастар болса қоғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден басталады. Дінге деген көзқарас әр кезеңде әр қоғамда сан алуан болып келген. Ал діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім жастардың қоршаған ортамен, басқа адамдармен санасы мен дүниетанымы бойынша қалыптасады.
Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастар ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Осы ретте Отырар аудандық орталық кітапханасында ауыл жастары және кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен "Жастардың діни түсінігін дұрыс қалыптастыру" тақырыбында пікір алмасу жиыны өтті. Аталған іс-шараның өткізілу мақсаты қазіргі жасөспірімдерге діни ағымдар бойынша дұрыс түсінік беріп, экстремизм-терроризмнің қатыгездік жолдарын көрсету көзделген.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасының дінтанушы-теолог маманы Өтеген Бердуәлі Әбдужаппарұлы арнайы қатысып, ислам діні мен өзге діни ағымдар тұрғысында ақпарат берді.
«Қазіргі заман жастарына басты қауіп қатер деструктивті діни ағымдар тарапынан болуда. Себебі, діни ағымдар өз қатарына адамдарды, әсіресе жастарды баулап алу үшін, жастардың психологиялық, психикалық жай күйін бақылап, талдау жасау арқылы қолдарындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, ғаламтор желісінде сапалы түрде ақпараттық материалдар жариялайды.
Қазір барлық адамзаттың ғаламтор желісін қолдануы заңдылық. Әсіресе, жастар үлкен буын өкілдеріне қарағанда ғаламтордың мүмкіндіктерін жетік меңгерген. Сондықтан, олардың осындай амалдар арқылы өзіне тартатын деструктивті ағымдардың әсеріне ұшырау қауіпі жоғары.
Сонымен қатар жастардың діни идентификацисының қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі – діни дүниетанымның, сананың қалыптасуы болып табылады.
Діни экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы осы жағдайдан пайда болып жатады. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда қандай жағдайға ұмтылу керектігін, сол бағдарламаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттілігін, неге қуанып неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «ойыншысы мен орындаушысына» қалай айналып кеткенін өзі де түсінбей, сезінбей қалады. Бүгінгі жас ұрпақ жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал»,- дейді Бердуәлі Әбдужаппарұлы.
Жиынға қатысушы жастар өздеріне түсініксіз, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.