Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған мектеп-интернаты базасында «SUPPORT TIMES» шағын жинақты мектептермен серіктестік аясында білім сапасын арттырудың проблемалары мен жаңашыл әдіс-тәсілдері» тақырыбында республикалық семинар өткізілді.
«Дарын» РҒПО «Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет» бөлімінің басшысы Айгүл Қарқұлованың айтуынша, республикалық семинар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жоспарына сәйкес ұйымдастырылған.
Оған республикамыздың 17 облысынан шағын жинақты мектептердің ұстаздары, басшылары, білім басқармалары мен әдістемелік орталық мамандары, барлығы 50 педагог, Түркістан облысынан 90 педагог қатысқан болатын.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген семинар қатысушыларына мамандандырылған мектеп-интернат мұғалімдері мен шағын жинақты ауыл мектептерінің ұстаздарының бірлескен әдістемелік сабақтары көрсетілді. Сондай-ақ білікті мамандардың заманауи педагогикалық, инновациялық және коммуникациялық технологияларды пайдалану, білім беру құзыреттілігін, қарым-қатынас жасау және сабақ барысында сыныпты басқару әдістері бойынша шеберлік сыныптары, сондай-ақ ауыл мектептерін дамыту мәселелері бойынша педагогикалық алаңдарда тәжірибе алмасу жұмыстары ұсынылды.
Дарынды оқушылардың зерттеу жобалары мен педагогтардың әдістемелік, шығармашылық идеялары мен мектептердің жетістіктерінің көрмесі ұсынылды. Саялы Сарыағаштың туристік жерлерін аралап, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалады.
Атап өтейік, семинардың негізгі мақсаты мамандандырылған мектеп тәжірибесі негізінде серіктес шағын жинақты білім мекемелерінде білім сапасын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдермен алмасу және мектептерде оқу-тәрбие процесін жетілдіруге, әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
Семинардың екінші күні Келес ауданы мәдениет сарайында Келес, Сарыағаш білім бөліміне қарасты шағын жинақтық мектептердің таныстырылымы ұсынылып, ұстаздар мен шәкірттердің шығармашылық идеялары, өнерлері, бірлескен зерттеу жобалары таныстырылды.
Пленарлық бөлімде «Дарын» РҒПО «Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет» бөлімінің басшысы Айгүл Қарқұлова қорытындылап, қатысушыларға «Дарын» РҒПО сертификатын, семинар ұйымдастырушы педагогтар мен жоба жетекшілеріне алғыс хаттар табыс етті.