Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен 25 қазан – Республика күніне орай облыс педагогтары арасындағы қазақ күресінен «Ұстаз барысы» жарысы өтті.
Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сейтжаппарұлының айтуынша, бұл іс-шараны ұйымдастыруға Түркістан облыстық білім басқармасы, «Білім беруді дамыту орталығы» мен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үлкен қолдау көрсеткен.
- Облысымызда «Ұстаз барысы» жарысы «Білім беруді дамыту орталығы» тарапынан өткен жылдан бастап өткізіліп келеді. Ұстаздықпен қоса құрыштай шыныққан сайыпқырандардың саңлағын анықтайтын «Ұстаз барысы» екінші рет өтіп жатыр. Ұстаздық жолында қызмет етіп жүрген ұстаздар, бозкілемде жауырындары жерге тимейтін балуандар өз күштерін көрсетті. Жарысқа 7 салмақ бойынша сайдың тасындай іріктелген 17 аудан мен қаланың жеңімпаздары келіп қатысты. Жарысқа келген сайыпқырандардың арасынан белдескеннің белін үзер, тірескеннің тізесін бүктірер жауырыны жерге тимейтін ердің ері «Ұстаз барысы» анықталды, - дейді ол.
Жарыс тартысты да қызықты өтті. 7 салмақта өткен жарыс барысында күш атасын танымас дегендей нағыз мықтылар жарыс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, 60 килограмда І орынды Сарағаштық Жаңабай Қошқаров жеңіп алды. ІІ-ші және ІІІ-ші орынды қазығұрттық Айдос Құрбанов пен отырарлық Олжас Дүйсенбекұлы иеленді. 66 килограмда ордабасылық Асқар Арыстанбек бірінші, кентаулық Азизбек Акауов екінші, сайрамдық Бағдат Сейдуалы үшінші орынды алды.
74 килограмда созақтық Дінмұхамед Зубайра чемпион атанса, келесі орындарды ордабасылық Ақбархан Сәкенов пен қазығұрттық Нұрболат Арапбаев қанжығалады. 82 килограмда кентаулық Мұқағали Болысбек жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды ордабасылық Ибраһим Қартаев пен отырарлық Нұрлан Есенгелді иеленді. 90 килограмда мақтааралдық Заир Заиров чемпион, ал отырарлық Айбек Насрулла мен кентау Ербол Абдуханов иеленді. 100 килограмда отырарлық Айбатыр Құрманов жеңімпаз атанды. Келесі орындарды қазығұрттық Әселбек Оралбаев пен төлебилік Орынбек Абубәкір жеңіп алды.
100 килограмнан артық салмақта отырарлық Асқар Төреқұлов чемпион атанды. Ал жетісайлық Қайрат Смадияров пен төлебилік Ғани Урусбаев келесі орындарды иеленді. Түйе палуан атағын отырарлық Асқар Төреқұлов, жетісайлық Қайрат Смадияров пен кентаулық Ербол Абдуханов жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздарын Түркістан облыстық білім басқармасы, «Білім беруді дамыту орталығы» директоры Бақытжан Нұрмағанбетұлы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Балуан шолақ спорт кешенінің директоры Ануар Амантайұлы, Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сейтжаппарұлы марапаттады.