Түркістан облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Түкістан қаласындағы білім нысандарын аралады. Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы аймақта жүзеге асырылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
Парламент мәжілісінің депутаты Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейіне болды. Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы пайдалануға берілген білім ошағында білім алып жатқан оқушылар нысанның жаңа пайдалануға берілгеніне қарамастан түрлі халықаралық, республикалық білім байқауларында жоғары орындардан көрінуде екен. Атап айтсақ, өткен оқу жылында жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының, «Ақберен» шығармашылық байқауының, «Мағжан» оқулары, «Әбіш» оқуларының қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерінің жүлдегері атанған.
- Мектеп оқушылары ең беделді олимпиадалардың бірі – Түркия мемлекетінде өткен «XIV INTERNATION AL JLYMPIAD IN ANTALIA» – олимпиадасының жаратылыстану пәндері бойынша «Президенттік» олимпиаданың, «Лингвистикалық», «Алтын түлек», «жалпы білім беретін пәндер» олимпиадасының, түрлі байқаулардың қалалық, облыстық, республикалық кезең жеңімпаздары атанып, қаламыздың, оның ішінде лицейдің мәртебесін көтерді. Түлектеріміз мектеп қабырғасында алған білімдерінің сапасын әртүрлі деңгейлерде өткен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт, көркемөнерпаз жарыстарында көрсетіп отырды, - деді Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы.
Жоғары жетістікке қол жеткізген жаңа оқу ордасының көрсеткішіне тәнті болған мәжіліс депутаты бірқатар тәжірибені түртіп алды. Бұдан кейін ол Кентау қаласындағы Әлішер Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінде болды. «1958 жылы салынған нысан күрделі жөндеуді талап етеді. Күрделенген мәселелер қатарында мектеп шатыры, жылу жүйелерін толық ауыстыруды қажет. Сондай-ақ едендері мен есік-терезелері де ауыстыруды қажет етеді. Су, кәріз жүйелерінінде де кемшіліктер бар» дейді басқарма басшысы. Білім ошағы басқарма басшысы тарапынан бақылауға алынып, алдағы жылы күрделі жөндеуден өтетін болды.
Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова өз кезегінде облыстағы білім ошақтарында алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды саралап, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды арнайы жоспарға енгізуді тапсырды. Оны қадағалауды жергілікті білім басқармасына жүктеді.