Түлкібас ауданында «Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өткізілді. Оның ұйымдастырушысы аудандық білім бөлімі. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ержан Изтайұлының айтуынша, бұл іс-шара «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша құзырлы мемлекеттік органдармен бірлескен кешенді жоспарды іске асыру аясында ұйымдастырылған.
Форумда ата-аналар, мектептер мен қоғамдық ұйымдардың балаларды тәрбиелеуі, негізгі проблемаларды анықтау және оларды шешудегі өзара іс-қимылының маңыздылығы талқыланды.
Ол іс-шараға Түлкібас ауданы прокуратурасының аға прокуроры Закир Юсупов, аудандық полиция бөлімінің ювениалдық полиция тобының полиция майоры Асель Наурызқұлова, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Миразизов, Аналар комитетінің төрайымы А.Кузембаева білім беру ұйымдары директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитетінің төраға, төрайымдары және ата-аналар қоғамның өзекті мәселелеріне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар қатысқан болатын.
Үш бөлімнен тұратын форумның алғашқы бөлімінде қатысушылар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ұлттық құндылықтарға негізделген мектептегі үйірме жұмыстарынан ұлттық ойындар «Асық ату», «Бес асық», «Тоғыз құмалақ», «Қазақша күрес», «Қол күрес», «Домбыра» үйірмелерінің тиімді жұмыстарымен танысты.
Б.Садықов атындағы жалпы білім беру мекемесінің мектеп парламенті жастарының «Құқық бұзушылыққа қалай бардым..?» тақырыбындағы қойылымы форумның мақсатын нақтылай түсті.
Форумға қатысушы спикерлер құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында баяндамалар оқып, кеңестер берді.
Жарыссөзге шыққан, Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы, мектеп президенті Нұрлыхан Қадралиев, М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Сезім Шингисбек құқық бұзушылықтың орын алу себебтерін айтып, жастарға бос уақытты тиімді пайдалану үшін үндеу тастады.