Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінде Махамбет оқулары ұйымдастырылды. Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Г.Оразбаеваның айтуынша, мектепте Махамбет оқулары жылда өткізіліп келеді екен. Ол оқуларға мектептің 8-11-сынып оқушылары қатысуда.
- Байқау мақсаты – мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету, түсініктерді деректермен, дәйексөзбен дәлелдеуге жаттықтыру, бабалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру, - дейді Г.Оразбаева.
Оның айтуынша, бес бағыт бойынша өткен байқауға жалпы білім беру ұйымдарынан 105 оқушы қатысқан. Байқауға қатысқан оқушылар әсіресе Махамбет, Жәңгір хан, Ер Едіге, Қасымхан сынды кейіпкерді таңдай отырып, жинақтаған деректерді тарихи-әдеби және рухани мәнін аша білді. Көтерілген мәселенің өзектілігін ұлттық мүдде тұрғысынан талдап, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын арнайы дайындаған слайд арқылы көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 2023 жылы 9 қараша күні Түркістан қаласында өтетін облыстық кезеңге төмендегі шығармашыл оқушыларымыз жолдама алды.
Атап айтсақ, «Ұлы арман» бағыты бойынша С.Сейфуллин аындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Нұрайлым Жұмағұл, «Шашақты найза, Шалқар күй» бағыты бойынша М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Батырбек Батыйхан, Жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу конкурсы бойынша Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Эльза Ықыласбай, «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» бағыты бойынша М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Жания Сыдығалы облыстық кезеңге жолдама алды.