Отырар ауданының Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «KitapХАН@» кітап оқу жарысы ұйымдастырылды.
Оған аудандағы мектеп директорларының оқу ісі орынбасарлары арасында өткен кітап оқу сайысының негізгі мақсаты – кітап оқу дәстүрін педагогтер арасында жалпы сипатқа айналдыру. Сондай-ақ оқушы мен мұғалімдерге үлгі болу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, кітап оқу арқылы – жазу, оқу, сөйлеу мәдениетін дамыту, қоғам арасында педагог мәртебесін және мұғалімнің жұмыс тиімділігі мен нәтижесін арттыру.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша кітаппен дос болу адам баласының ми, ойлау жүйесінің белсенділігін арттырып қана қоймай, оның өмір жасының ұзақ болуына да септігін тигізетін көрінеді. Қазіргі қоғамдағы оқырман белсенділіктерін арттыру, оқуға құзыреттілік деңгейлерін дамыту мақсатындағы өзін-өзі (кәсіби, жеке) дамытуы негізінде кітап оқу дәстүрін қолға алған оқу орынбасарлары, атап айтсақ, Ш.Қалдаяқов мектебінен Маржан Үмбетова Т.Әлімқұловтың «Қара ой», «Темір» мектебінен Омар Аманкүл Т.Әбдіктің «Оң қол», «Көкмардан» мектібінен Халық Ринат С.Елубаевтің «Ақ боз үй», Абай мектебінен Әбдіқадірова Баян Д.Исабековтің «Қарғын», «Ергөбек» мектебінен Сеңгірбеков Қасымхан Б.Момышұлы «Ұшқан ұя» атты шығармаларын таныстырып, өз ойларымен бөлісті. Оқу орынбасарларымен кітап оқу мәдениетін терең қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткізілген кітап оқу сайысының жылдық кезеңіне Абай мектебінен Баян Әбдіқадірова жолдама ұтып алды.