Түлкібас ауданындағы мектеп-лицейде оқушыларға заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізілді

Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінде жасөспірімдердің заң бұзушылыққа жол беруінің алдын алу мақсатында ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Түлкібас аудандық білім бөлімінің бастығы Е.Кадырбектің айтуынша, мектеп-лицейде 8,9 және 10-сынып оқушылары арасында «Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің заң алдында жауапкершілігі» тақырыбы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізген. 

Screenshot_25.jpg

Есте болса, еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған идеологиялық басым бағыттар талқыланып, нақты шешу жолдары ұсынылды. Екі күнге жалғасқан кеңесте ел үшін маңызды мәселелердің түйіні тарқатылып, жүйелі ұсыныстар, кесімді шешімдер айтылды. Сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді. «Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр» деп өз алаңдаушылығын білдірген еді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері, біздің алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмалары бойынша барлық білім мекемесінде тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар істеледі, - дейді Түлкібас аудандық білім бөлімінің бастығы Е.Кадырбек.  

Аталған жиынға Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі А.Серикбаев пен мектеп-лицей директоры Н.Сағындықов және 8,9,10-сынып оқушылары қатысты. Қазіргі таңда қиын өмірлік жағдайдағы балалар санының артуы; жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауының, аутодеструктивті, девиантты мінез-құлық жағдайларының жиілеуі; кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар санының артуы қоғамды алаңдатады. 

«Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу болдырмау мақсатында бірлескен іс-шаралар жұмыстары  «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында  аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, аудандық білім бөлімі, «Жастар ресурстық орталығымен», аудан әкімдігі жанынан құрылған «Сервистік модуль» бөлімшесі қызметкерлерімен бірлесе атқарылуда. Біздің тараптан әрдайым оқушыларға заң аясында түсінік беріліп келеді», - дейді мектеп-лицейдің директоры Н.Сағындықов.

Сондай-ақ Абай атындағы мектеп-лицейінде Түлкібас Аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы Б.Аяпбергенов және  учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны С.Бериковтың қатысуларымен 9,10 және 11-сынып оқушылары арасында осы тақырыпта тағы бір іс-шара өткізіліп, ол жиында да мектеп-лицей оқушыларына жан-жақты мәлімет берілген болатын.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер