Түлкібас ауданында біліммен қатар ғылымды дамытып жүрген ұстаздар мен оқушылар қатары артып келеді. Атап айтсақ, жуырда аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Р.Кункибаеваның ұйымдастыруымен Б.Садықов атындағы жалпы орта мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңі өткізілді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Ел атын әлемге танытып жүрген жастар ұлттың рухын жаңғыртуда» деп атап көрсетті. Біз жастардың бойындағы өнер-білімге, ғылымға, жаңашылдыққа деген осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейтуіміз, дамытуымыз қажет. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқаруымыз керек. Мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Біз сол талаптан шығу үшін бар күш жігерімізді балалардың білім алуына, ұстаздар мен оқушылардың ғылыммен айналысуына мүмкіндік беріп келеміз, - дейді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Р.Кункибаева.
Б.Садықов атындағы орта мектепте өткен байқау 4 бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтсақ, бірінші бағыт - «Ғылыми-техникалық прогресс экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде» - физика, техника, жер және Ғарыш туралы ғылым тұрғысында болды. Екіншісі - «Экономикалық және әлеуметтік үрдістерді математикалық модельдеу» - математика, қолданбалы математика, экономика, информатика. Үшіншісі, «Салауатты табиғи орта – Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырудың негізі» - химия, биология, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы бағыты. Төртінші бағыт - «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» - тарих, өлкетану , этномәдениеттану, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі, орыс әдебиеті, ағылшын тілі, адам және қоғам пәндерін қамтыды.
Р.Кункибаеваның айтуынша, ғылыми жоба конкурсы ауданда жыл сайын жүйелі өткізілуде екен. «Соның дәлелі шығармашыл, дарынды оқушыларымыз облыстық, Республикалық кезеңдерден жеңімпаз атанып, мерейімізді асқақтадуда» дейді ол.
Сондай-ақ аудандық білім бөлімі тарапынан ауданда «Тарих және география пәндерін оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Түлкібас ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес, аудандық әдістемелік кабинетінің пән әдіскері Дәулетқали Мархабатұлының ұйымдастыруымен «Майлыкент» жалпы білім беру мектебінің базасында тарих және география пәнінің мұғалімдерімен «Тарих және география пәндерін оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану» тақырыбында аудандық семинар өз деңгейінде ұйымдастырылған болатын.
Оның айтуынша, бұл семинардың мақсаты - белсенді оқыту әдістерін пайдаланудың оқушыларға тақырыпты меңгертудегі шапшаңдығын арттыру. Семинар барысында география пән мұғалімдері Асима Дайрабекова «Жер бедерінің адамзат тіршілігі мен шаруашылығына тигізетін әсері», Ғабит Дуйсенбиев «Тарих-география пәндерін оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану», тарих пәні мұғалімдері Даурен Усембеков «Қазақ КСР экономикасының шикізатқа бағытталуы», Гүлсімн Халыкова «Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты» тақырыбында, ашық сабақтар өткізді.
Семинар соңында мұғалімдер өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты. Пән әдіскері Д.Уразбаев семинарды қорытындылап, мұғалімдермен өткізіліп отырған аудандық семинардың маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақыттарда пәнге қатысты семинарларды жиі ұйымдастыру мәселесі туралы ұстаздар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Бұдан бөлек, Б.Садықов атындағы жалпы орта мектебінде «Мейірімге толы жүрек» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш іс-шара қамқоршыларға құрмет көрсету, мемлекетімізде әлеуметтік мекемелерде тәрбиеленетін балалардың санын азайту, оларға мейірімділік танытуға қол ұшын беру.
Мерекелік іс-шараға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршылар мен қорғаншылар қатысты. Бұл мерекелік іс-шараны Түлкібас ауданының білім бөлімінің басшысы Ержан Ізтайұлы ашып, алғысын білдіріп, құттықтау тілектер айтылды. Қамқоршыларға қамқорлықтағы баланың тәрбиесіне, оқуына, оның қоғамдық пайдалы еңбекке даярлығын қамтамасыз етуде көрсетіп отырған игілікті қызметтері үшін алғыстар айтылып, концерттік бағдарлама көрсетіліп, сыйлықтар тарту етілді.