Түлкібас ауданында аудандық білім бөліміне қарасты Абай атындағы мектеп-лицейінде «Қош келдің, берекелі Алтын күз!» байқауы өтті. Оған 7-8 cынып оқушылары қатысты.
Мектеп-лицей директоры Н.Сағындықовтың айтуынша, байқаудың мақсаты оқушылардың мәдениетін көтеру, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, еңбекке баулу, жастардың әртүрлі іс-шараларға белсене қатысуы және біліммен қатар өнерді бірге алып жүруге дағдыландыру екен.
- Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдыға қойып отырғаны білім сапасын арттыру, тәрбиелі де мәдениетті азамат қалыптастыру. Президентіміз Түркістан қаласында өткен құрылтайды «Бұған дейін де айтылып жүрген ең басты мәселелердің бірі – ауыл мектептерін дамыту. Бұған қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Олар жүйелі түрде іске асқан жағдайда ауыл мектептері келешекте оқу-ағарту саласының жетекшісіне айналатынына сенемін» деген болатын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері, біздің алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмалары бойынша барлық білім мекемесінде тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар істеледі, - дейді мектеп-лицей директоры.
Оның айтуынша, мектеп-лицейде ұйымдастырылған байқау «Таныстыру», «Өнер», «Қол өнер», «Күзгі сән үлгісі» номинациялары бойынша өтті. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздерін көрермендерге таныстырып өтсе, екінші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін паш етті, үшінші кезең үй жұмысы ретінде қиялдарымен дайындаған жасалған қол өнерлерін көрсетті. Ал төртінші кезеңде оқушылар Күз тақырыбы бойынша өз қолдарымен тіккен көйлектерін жасап көрсетті. Байқаудың ережесіне сай «Күзгі сән үлгісі» кезеңі «Күз Ханшайымы 2023» жеке номинациясы ретінде бағаланды.
Барлық тамашаланған концерттік нөмірлер мен көріністер күз тақырыбына арналып, ғажайып түрде ұсынылды. Осылайша тартысты да көңілді өткен байқаудың қорытындысы бойынша әділ-қазылардың шешімімен Бас жүлде – 8 «А» сынып оқушысы Кәусар Алихан, «Күз Ханшайымы – 2023» – 7 «В» сынып оқушысы Қарақат Болат иеленді. І орынды 7 «А» сынып оқушысы Айзере Темірхан мен 7 «Б» сынып оқушысы Жанерке Тұрғынбекке берілсе, ІІ орынды 7 «Ә» сынып оқушысы Мерей Құрманәлі мен 8 «В» сынып оқушысы Айша Жүсіпәлі иеленді. ІІІ орынды 8 «Б» сынып оқушысы Асия Сұлтанмұрат алды.