Сайрам ауданындағы №33 Шойынбаев жалпы орта білім беру мемлекеттік мекемесінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімінің әдіскерлері зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, құқықбұзушылықтың алдын алу мен қауіпсіздік шаралары туралы тақырыпта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған мектепте өткен құқықтық оқыту жиынына мұғалімдер, сынып жетекшілер, қосымша білім беру педагогтары, тәлімгерлер мен 9-10-11 сынып оқушылары қатысты.
Білім бөлімінің әдіскерлері К.Мусаеваның айтуынша, аталған жиын барысында бөлім қызметкерлері қылмыс пен құқықбұзушылық жасағанда неше жастан заң алдында жауапкершілікке тартылатыны, бала құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Түркістан қаласында өткен құрылтайда Президентіміз алдымызға үлкен міндеттер қойды. Соның бірі - мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша бүгіннен бастап түрлі іс-шаралар қолға алынып, мектептерде ол бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ, балалардың бойында елге құрмет, жерге сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, оларға экология туралы тәрбие беру үшін мектеп қабырғасында оқушылардың еріктілер клубтары құрылып, жүйелі жұмыс істеуі қолға алынды. Өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Оған медиасауат, құқық, қаржы сауаты тақырыптарын енгізу – жаһанданған заманның талабына айналып отыр. Білім тарапынан мектептерде ұйымдастырылған іс-шара да балалардың бойындағы патриоттық сезімін арттыра түседі деген сенімдемін, - деді ол.
Оның айтуынша, бұдан бөлек, онда өзге, қыз тәрбиесі мен ерте жүктіліктің алдын алу, ер балалардың тәртібі, қоғамда өзін өзі ұстау мәдениеті, рухани адамгершілік тақырыптарын да тілге тиек етті.
Жиынға қатысушы оқушылар жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде түрлі сауалдарын қойып, спорттық үйірмелердің көбірек ашылуын сұрады.