Келес ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп салынбақшы

Келес ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп салу жоспарлануда. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, Ғ.Мұратбаев, Көгерту, Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде жоба аясында мектеп салу жоспарланған. 

Screenshot_37.jpg

- Кеше мен Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездестім. Сол кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселенің бірі – мектеп жайы. Бұл бағытта ауданда тиісті жұмыстар қолға алынған. Жалпы ауданымызда Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орындық бір мектеп құрылысының жұмысы Ғ.Мұратбаев ауылында басталып отыр, - дейді аудан басшысы. 

Ол мектепке апаратын көшелерге асфальт жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтылады. «Мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше осы мәселелердің барлығы жобада қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», деді аудан әкімі.

- Жыл басынан бері аудан тұрғындарымен болған, соның ішінде Ақтөбе ауылдық округіндегі кездесуімізде ауыл тұрғындары үшін маңызды он бір мәселе көтерілген болатын. Сол мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың біріне тоқталсам, Ғ.Мұратбаев, Көгерту, Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде мектеп салу бойынша қазіргі таңда Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2024 жылдың тамыз айы болып белгіленген. Көгерту елді мекені аумағынан 300 орындық мектеп құрылысы үшін қажетті қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған соң, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Нысан 2024 жылға өтпелі. Сол қатарда Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу 2024-2025 жылдарға жоспарланған, - деді аудан басшысы.  

Бұдан бөлек, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, ауданда 13577 оқушыға бір реттік ыстық тамақ берілуде екен. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл барлық білім беру ұйымдарында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылыпты. Сол қатарда Келес ауданының аумағындағы білім ошақтарында 1 қыркүйектен бастап 1-4-сыныпта оқитын 12853 бала, әлеуметтік жағдайына қарай 724 бала, жалпы 13577 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Мектеп асханалары қажетті ыдыс-аяқпен жабдықталған. Ал аудан әкімімен бірге жүрген аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевті де сөзге тартқан едік.

- 2023-2024 оқу жылында ауданда жалпы барлық мекемелерде мектеп асхананың кезекшілік кестесі құрылып, белгіленген уақыт бойынша білім алушылар уақытында тамақтанады. Мектеп оқушыларымен тамақтану мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық және тәрбие жұмыстары, яғни сынып сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралары өткізілуде. Алдағы уақытта  бала саны артуына байланысты ауылдық жерлердегі мектеп асханаларын жаңарту мақсатында модульді асханалар құру жоспарлануда, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиев. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер