Сайрам ауданында 1-4-сынып оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамту жұмысы жалғасуда. Сайрам ауданы білім бөлімінің әдіскері Жомарт Бектасов айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 19089 бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылыпты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі оқу процесін дамыту мен оқушыларға барлық жағдайдың жасалып отырғанын айтты. Биылдан бастап 1-4-сынып арасындағы оқушылар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Бүгінгі таңда аудандағы барлық мектеп асханалары қажетті ыдыс-аяқпен жабдықталған. Бір балаға бір реттік тамақтың күндік ақысы 502, 564 және 610 теңгенің аралығын құрайды. Жаңа оқу жылында ауданымызда жалпы барлық мекемелерде асханалардың жобалық қуаттылығы бойынша талдау жасалынып, оқушыларды тамақтандыру кестесі оқу ауысымына қарай реттелді, - дейді ол.
Оның айтуынша, ауданда бала санының өсуіне байланысты ауылдық жерлердегі мектеп асханаларын жаңарту мақсатында модульді асханалар құру жоспарлануда. Білім беру мекемелерінде тамақ дайындау және тарату кезінде жеткізілетін өнімдердің сапасын және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды бақылауды жүзеге асыру мақсатында бракераждық комиссиясы құрылған. Бракераждық комиссия толық құрамда аптасына бір рет жұмыс жүргізеді және тоқсанына бір рет мектеп директоры жанындағы кеңесте қаралады екен.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығының 105 тармағына сәйкес, барлық білім мекемелерінің жеке әлеуметтік желі беттерінде «Мектептік тамақтандыру» айдары құрылған. Аталған айдарда ата-аналар және әлеуметтік желі қолданушылар үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында білім алушылардың тамақтандырылуы жөніндегі ақпараттар орналастырылады. Мәселен, №68 С.Датұлы атындағы жалпы орта мектебінде оқушыларды тегін бір реттік ыстықтамақпен қамтылуы барысына тоқталар болсақ. Бүгінде аталған білім ошағында 1-4 сыныптың 221 оқушысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысы негізінде 5-11 сынып аралығында 44 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп асханасы талапқа сай жабдықталып, оқушыларды сабақ кестесіне сәйкес кезекпен тамақтану жоспарланған. Көріп отырғаныңыздай осындай жүйемен ауданның барлық білім ошағы білім және ғылым министрлігінің талабына сай жұмыс істеуде, - дейді Жомарт Бектасов.