Келес ауданында ізденімпаз мұғалімдердің қатары артып келеді. Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариевтың айтуынша, аудандағы мектептерде 3860, мектепке дейінгі ұйымдарда 1059 педагог жұмыс істейді екен. Мұғалімдердің кәсіби дамуын арттыру үшін 17 жетекші, 46 серіктес мектеп бар. Аудандағы жетекші мектептер оқу-әдістемелік, ғылыми-практикалық, тәжірибелік әдістемелік қолдау шараларын үздіксіз жүргізеді.
- Жаңа оқу жылында мұғалімдер оқушылардың ғылыми-жаратылыстану және оқу сауаттылығын, сындарлы және креативті ойлауын дамыту мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» 698 мұғалім, «Назарбаев Зияткерлік мектептер» педагогикалық шеберлік орталығында – 200-ден аса мұғалім өз біліктіліктерін арттырды. Солардың ішінде Исспанияда білім алған №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Бахадырова да бар. Ол білім мектептегі «Conversation club» жұмысын жүргізуде, - дейді ол.
Гаухар Бахадырова Испанияның Кадис қаласындағы «Erasmus Mundus» университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алған. Қазіргі таңда 4 перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы ана білім ордасында «Conversation club» жұмысын жүргізеді.
Клуб мақсаты – тілдік ортаға ену, қарым-қатынас, кітаптарды, жаңалықтарды, фильмдерді, ойындарды талқылау және осының барлығын ағылшын тілінде жүргізу. Клубқа оқушылармен бірге ұстаздар да қатыса алады. Әлеуметтік желіде өзінің жеке блогын жүргізетін білікті педагог ағылшын тіліне кішкентай кезінен қызыққандығын айтады.
– Тіл үйренушілердің сөйлеу дағдысын жетілдіруде мұндай клубтардың маңызы зор. Алғаш рет 5-сыныптан бастап ағылшын тілі сабақтарында эссе жаза бастадық. Кейіннен мамандандырылған мектепте білім алдым. 10-11-сыныпта оқып жүргенімде американдық волонтер Сара Ван Элизабеттің шәкірті болдым. Бос уақытымда мектебіміздің хор ұжымында мүшемін, волейбол ойнап тұрамыз. Жалпы ұстаздық жолды таңдағанымды мақтан тұтамын, – дейді мектеп мұғалімі.
Қазіргі таңда 7 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, білім беру гранттарын иеленіп келеді. Ал педагогтің өзі білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болған.
«Халық даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Шәкіртінің қиялына қанат бітіріп, асыл армандарының орындалуына мүмкіндік туғызу ұстаздың борышы. Білім беру жүйесін дамытуға, туған жердің отансүйгіштерін тәрбиелеуге қосқан ұстаздардың үлесі ешқашан аласармайды» дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев.