Келес ауданында балалардың бойындағы патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шралар ұйымдастырылып отырады. Соның бірі жергілікті ақын-жазулармен өткізілетін кездесулер.
Жуырда №27 Н.Тілендиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің думан залында, Келес ауданының тумасы, ақиық ақын, Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестік төрағасы, Сарыағаш және Келес аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, балалар жазушысы, ақын – Бердалы Рысбековпен кездесу ұйымдастырылды.
Мектеп директоры Шаркүл Мамашованың айтуынша, мектепте өткен кездесу кеш барысында оқушылардың әдебиетке деген құлшыныстары, оқуға деген қызығушылықтары арта түскен. «Ақынмен болған жүздесу балаларға шабыт қана емес, алдыға, ертеңгі күнге деген ұмтылыс, өмірде өз жолдарын тауып, өз таңдауларын жасауға деген бағытын көрсеткендей болды. Ақын балалардың жүрегіне жол тауып, достыққа берік, отанға адал, оқуға зерек болуын айтты» дейді мектеп директоры.
Оқушылармен өткен кешке мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестік мүшелері, ақындар Жүсіп Жолайұлы мен Зағира Жүсіпқызы, белгілі суретші Сапарәлі Абдіқадіров және Келес аудандық әжелер алқасы төрайымы Аділет Азімқұлова, сонымен бірге Қошқар ата ауылдық округінде орналасқан бірнеше мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысып белсенділік танытты.
Шығармашылық әдеби кешті №27 Н.Тілендиев жалпы орта мектебінің директоры Шаркүл Мамашова салтанатты түрде ашып берді. Бердалы Рысбековке Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Б.Абдиевтың арнайы Алғыс хатын бөлім әдіскері Бағдәулет Асанұлы табыстап, арнайы алтын зерлі оюмен өрнектелген шапан жауып, жылы лебізін білдірді.
- Оқушылармен өткен кеште балалардың арасында ақындық өнерге және шығармашылықпен айналысатындардың көп екенін көріп қуанып қалдым. Ең бастысы балаларда ұмтылыс бар. Еліміздің болашағы осы балалардың қолында. Біз оларға тәлім-тәрбие бере отырып, отанды сүюге, досты қадірлеуге, сертке, аманатқа адал болуға, ата-ананы, үлкендерді сыйлауға баулуымыз керек, - дейді ақын, кеш иесі Бердалы Рысбеков.
Кездесу соңында оқушыларымыз ақындарымызбен естелікке суретке түсіп, ерекше әсер алды. Ал Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестік мүшесі Бауыржан Сейделханов іс шара жоғары деңгейде өткенін атап өтті.