Түлкібас ауданының білім бөлімі және Түлкібас ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Абай атындағы мектеп-лицейі базасында «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты тақырыбта ақпараттық-семинар өтті. Оған Түркістан облысы ЖПҚБ бастығы полиция полковнигі Асылхан Тореханов, аудандық полиция бөлімінің орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев және мектеп-лицейдің 9,10 және 11-сынып оқушылары қатысты.
Түркістан облысы ЖПҚБ бастығы полиция полковнигі Асылхан Торехановтың айтуынша, мектеп-лицейде өткізілген ақпараттық-семинардың басты мақсаты – жастар тәрбиесі, отбасындағы және қоғамдағы орны, жастардың қауіпсіздігі мен қылмыс жасаудың алдын алу шараларын талқылау, қарастыру.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда жасөспірімдердің тәрбиесіне қатысты өз ойын білдірген болатын. Президентіміз «Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді. Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», дей келіп Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді. Біз сол міндеттерді орындау мақсатында облыс пен аудандарда түрлі іс-шараларды бастап кеткен едік. Түлкібас ауданындағы абай атындағы мектеп-лицейде өткізіліп жатқан іс-шара соның бір бағыты, - дейді ол.
Бұл іc-шараға қатысқан спикерлер өзекті мәселелерге қатысты өздерінің тұщымды пікірлерін айтып, жастардың жарқын болашағы үшін жағдай жасау керектігі туралы айтып өтті. «Осындай құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша өткізілген профилактикалық жұмыстардың жиі жүргізілуі мектеп оқушыларының теріс қылықтар жасамауына оң ықпалын тигізетініне күмәнім жоқ. Мектеп оқушыларымен құқық бұзушылық, зорлық зомбылық, әлімжеттік, буллингтің алдын алу мақсатында өткізілген осындай аудандық іс-шаралардың маңызы зор» дейді Түлкібас аудандық полиция бөлімінің орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев.
Осындай жиын бұдан кейін аудандағы Шоқан Уәлиханов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде де ұйымдастырылып, оған 8-11-сынып оқушылары қатысты. Жиында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің құқық бұзушылығын алдын алу туралы сөз болды. Жиналысқа Түлкібас аудандық аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Нұрсұлтан Елшібаев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор полиция майоры Е.Жүдебаев, мектеп директоры Г.Килыбаева, МДТІЖО Р.Тилешова, педагог-психолог Н. Турганбаева және сынып жетекшілер қатысқан олар «Қатігездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты тақырыб аясында әңгіме болып, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Құқықбұзушылық – қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, - дейді Нұрсұлтан Елшібаев.