Түлкібас ауданындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беру мектебінің тарих пен география пәнінің мұғалімдері облытық байқауда топ жарды. Сөйтіп аталған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Зеркүл Қалыбекова республикалық байқауға жолдаманы ұтып алды.
- Биылғы пән мұғалімдері арасында ұйымдастырылған байқау Түркістан қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында химия, биология, физика , математика, информатика, тарих, география, жаһандық құзыреттілік, көркем еңбек пәндері бойынша өткізілген болатын. Онда мұғалімдері үздік авторлық бағдарламаларын қорғады. Байқаудың мақсаты – жоғарыда аталған пәндер бойынша таңдау курстарын, арнайы курстар, элективті курстар, оқу пәндерінің авторлық бағдарламаларын құрастыратын Үздік мұғалімдердің алдыңғы қатарлы авторлық тәжірибесін анықтау және тарату. Жұмыс презентация түрінде қорғалды, оған 7 минут уақыт берілді. Онда авторлық бағдарламаның элементтері, бағдарламаның түсіндірме жазбасы, мазмұны, авторлық бағдарламаның әдістемелік қамтамасыз етілуі қаралды, - дейді Зеркүл Қалыбекова.
Сондай-ақ осы байқауда Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беру мектебінің география пәнінің мұғалімі Марс Сарсенов пен информатика пәнінің мұғалімі Гүлсімай Жиенбаеваның да бағы жанып, жүлделі орындарды иеленген болатын.
Жеңімпаздарды анықтаудың жалпы өлшем шарттары бойынша тақырыптың өзектілігі, ұсынылған материалдардың жаңашылдығы және ерекшелігі, жұмыстың оқу-тәрбие үдерісінде қолдануға бағытталуы бойынша бағаланыпты. Сонымен республикалық байқауға іріктеуден Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Зеркүл Қалыбекова тарих пәні бойынша жүлделі І орынды иеленді. Ал оның әріптесі информатика пәнінің мұғалімі Гүлсімай Жиенбаева ІІ орынды, география пәні аталымынан география пәнінің мұғалімі Марс Сарсенов ІІІ орынды жеңіп алды. Сөйтіп облыстық байқауда бір мектептің үш мұғалімі жүлдегер атанды.
Ал тарих пәнінің мұғалімі Зеркүл Қалыбекова облыстан жүлделі І орынды иеленіп, Респуликалық байқауға жолдама алды.