Келес ауданында демеушілердің күшімен үлкен шара ұйымдастырылды. Аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиевтың айтуынша, аудан орталығында орналасқан №2 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының ауласына қоғам қайраткеріне арнап ескерткіш-бюст орнатылған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында білім саласына жақсы көңіл бөліп отыр. Сонымен бірге еліміздің дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің есімдерін ел есінде ұзақ сақталуы үшін білім мекемелеріне есімдерін беруге, олардың Отанына қосқан үлесін насихаттауға бастамашы болуда. Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ қоғамы үшін, ұлты мен еліне сіңірген еңбегін елі жақсы біледі. Міне, ерінің қайраткерлігін ұстанған ізін басқан ел азаматтары оған деген құрметін бүгін көрсетіп, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназияңың алдына қайраткердің ескерткіш-бюстін орнатты. Мұны орнатуға ауыл азаматтары мен кәсіпкерлер демеушілік көрсетті, - дейді аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев.
Ескерткіш-бюстің ашылуында да сөз сөйлеген Нұржан Шаулиев ұлт рухын ұлықтаған ұлы тұлғаның ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына қосқан еселі еңбегін тілге тиек етті. Жиылған жұртшылық іс-шара барысында қазақ мәдениетінде өшпессіз із қалдырған, ұлттық жәдігерлерді өскелең ұрпаққа аманаттаған арда азаматтың өмір жолымен таныс болды.
Салтанатты шарада ұлт жанашырының ұрпақтары да Өзбекәлі Жәнібеков халық алғысын арқалаған тау тұлға екенін атап өтіп, мүсінші Мерген Есжановқа алғыстарын айтты. Тас тұғырдың салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиевпен бірге аудандық мәслихат депутаты Амангелді Жүзенов, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев, Ө.Жәнібековтың ұрпақтары мен ұстаздар, мектеп ұжымы қатысты.
Бұл білім ошағында аудандық білім басшысы Бахтияр Абдиевтың айтуынша, 2000-нан аса оқушы тәлім алуда екен.