Келес ауданындағы №29 жалпы орта мектебінің базасында «10-11- сынып курсы үшін күрделі тақырыптарды игеруде информатика пәні мұғалімдерінің құзыреттілігін дамыту» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті.
Семинар «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Оған қатысқан облыстық орталықтың әдіскері Дінмұхаммед Саиповның айтуынша, семинарға облыстан 80-ге жуық педагог қатысқан. Семинардың мақсаты – мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, сындарлы көзқарас қалыптастыру, олардың құзіреттілігін арттыру, оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу дағдыларын дамыту.
Семинарда «Google диск бұлттық сервисін қолдану. Практикалық жұмыстар», IT Startup, Обьектілердің 3D модельдері. Жоба құру», «Жасанды интеллект пен ақпараттық коммуникациялық технологияларын ұлттық бірыңғай тестілеуде тиімді қолдану» сияқты тағы басқа тақырыптарда ашық сабақтар мен коучингтер өткізілді.
Сондай-ақ осы күні Келесте шағын жинақты ауыл мектептерін дамыту мәселесі талқыланды. Яғни Келес ауданының білім бөлімі мен Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының базасында «Шағын жинақты мектептермен серіктестік аясында білім сапасын арттырудың проблемалары мен жаңашыл әдістәсілдері» тақырыбындағы республикалық семинар ұйымдастырылды.
Семинардың мақсаты мамандандырылған мектеп тәжірибесі негізінде серіктес шағын жинақты білім мекемелерінде білім сапасын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдермен алмасу болып табылады.
Республикалық іс-шара аясында «Оқушыларды ғылым жарыстарына дайындау тәсілдері» тақырыбында TEDX, педагогтың дамуы мен жетілуінің жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған дөңгелек үстел, ауыл мектебінің қазіргі жағдайы, мәселелері мен шешу жолдарын анықтау мақсатында телекөпір, желілік қоғамдастық аясында мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы, «Көмектаймс» жобасын шағын жинақты мектептер жүйесімен үйлестіру үшін арнайы Case study, «Ауылым-алтын бесігім» зияткерлік сайысы сияқты бірнеше тақырыптың алаңдар ұйымдастырылды. Жиында қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою мәселелері де сөз болды.