Келес ауданында бүгінгі таңда үш мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы Ұлттық пилоттық жобасы аясында 3 мектептің құрылысы биыл басталып, құрылыс жұмыстары қарқынды іске асырылуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан және Адал азамат» атты Жолдауында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынатындығын айтты. Соның ішінде біздің біздің ауданда төрт мектеп салу жоспарланған. Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды белгілі. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 4 мектеп салу жоспарлануда, - дейді ол.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында құрылысы жүріп жатқан нысандарда болып, құрылыс барысы мен сапасын бақылады. Алдымен Абай ауылында салынып жатқан білім нысанына қадам тіреген аудан басшысы құрылыс барысын көрді. Мердігермен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының іргетасы қаланып, бетондау жұмыстары жалғасуда. Онда 50 құрылысшы еңбек етуде. Құрылысшылардың дені жергілікті мамандарды құрайды. Нысанды алдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделген.
Аудан басшысы аталған білім нысаны жанынан құрылысы жүріп жатқан спорт нысанының құрылыс жұмысымен де танысты. Онда қазір ғимараттың бетон қабырғалары тұрғызылып, қажетті коммуникация жүйелері тартылуда. Сонымен қатар, аудан әкімі Абай ауылындағы Асан қайғы көшесінің солтүстік беткейін арбатқа айналдыру үшін қажетті шараларды атқаруға жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Бұл аумақтан ел игілігі үшін музей, жас буынды дамыту орталығы сынды нысандардың құрылысы жүргізілмек. Қазіргі таңда 300-ге тарта ағаш көшеттері отырғызылып, күтіп баптау жұмыстары жүргізілуде.
- Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ошақты елді мекеніндегі Абай атындағы жалпы орта мектебі мен Бесқұбыр елді мекеніндегі С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептеріне қосымша 300 орындық оқу корпусы, асхана, спрот зал құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге Жиделі ауылында 300 орындық мектеп пен мәдениет үйінің құрылысы басталса, Ақтөбе ауылдық округіндегі Көгерту ауылынан 300 орындық білім нысанының құрылысы жүргізіледі, - дейді аудан басшысы.