Бәйдібек ауданындағы Қ.Сыпатаев атындағы мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мөлдір Торланбаеваның шәкірттері де түрлі байқауларда топ жарып жүр. Оның айтуынша, қазіргі таңда оқушылардың арасында қолдан бұйымдар жасауға ынталы жастардың қатары күнсанап артып келеді. «Оны ауыл балаларының қол өнерге деген қызығушылығынан байқадым» дегенді қосты Кеңестөбе ауылының тұрғыны, Қ.Сыпатаев атындағы мектептің мұғалімі Мөлдір Сейітқұлқызы.
Ол негізінен сабағында және мектептен тыс уақытта қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келе жатқанына да біршама уақыт болған. Оның қолынан шыққан және оқушылары дайындаған бұйымдарымен түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр.
Атап айтсақ Мөлдірдің оқушылары облыстық байқауға қатысып, «Алтын қазына» балалар шығармашылығанда гүл композициясын құрастыру бағытында жоғары деңгейде қорғап бірінші орын иеленген. Ал Қ.Сыпатаев атындағы мектепте «Қыз еркем ісімен көркем» үйірме тобында шәкірттер тәрбиелеуде екен. Мектептен бөлек ғаламтор арқылы гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасауды үйренемін деушілерге сабақ береді.
- Тұрмыс құрған ауылымдағы мектепте еңбек пәнінің ұтазымын. Бұл пәнде қандай сабақ өтілетіні сұрамаса да белгілі. Қолымнан түрлі бұйымдар жасау ісі келетіндіктен ұстаздықтан бөлек гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасауды қолға алдым. Қыр-сырын меңгеру мақсатында ғаламтордан ізденіп, арнайы сабағын оқыдым. Еңбектенгеннің нәтижесінде тез үйрініп, осындай әдемі бөлме шамдарын жасаумен айналысып келе жатқаныма бір жылға жуық уақыт болды. Осы уақытқа дейін 100-ден аса гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасадым. Гүлдерден бөлек қабырға суреті және құстар бейнеленген шамдар жасаймын. Мектептегі мұғалімдік жұмысыма кедергі болмау үшін тапсырысты бос уақытымда орындап, бір айда 20-25 бөлме шамдарын жасаудамын. Күн санап сұраныс артуда. Гүлдердің материалын тапсырыспен Ресей мемлекетінен алдырамын. Изалон материалы өте төзімді, жууға ыңғайлы, түсін бермейді. Жалпы адам жақсы өмір сүру үшін жан-жақты, ізденісте болып, еңбек ету керек. Еңбектің наны тәтті, Еңбектенсең ғана болашағың жарқын болады, - дейді Мөлдір Торланбаева.