Бәйдібек аудандық білім беру бөліміне қарасты балабақша мен білім ошақтарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Күз сыйы» мен «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» атты іс-шаралар мен ғылыми жобалар байқауы жоспарға сәйкес өткізілуде.
Атап айтсақ, мектепке дейінгі ұйымдар арасында ұйымдастырылған «Күз сыйы» атты тақырыбында аудандық көрме байқауы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – балаларға эстетикалық тәрбие беру, шығармашылық қабілетін дамыту, олардың ата-аналармен, бірлескен шығармашылығын дамыту, ата-аналарды балабақша өміріне белсене қатысуға шақыру екен.
Аудан орталығында өткен байқауға барлық мектепке дейінгі ұйымдардың бүлдіршіндері, тәрбиешілері қатысып, ата-аналармен бірлесе жасаған көрмелерін көпшілікке ұсынды.
Байқау ережесіне сәйкес әділқазылар алқасы жұмыстардың көрме тақырыбына сәйкестігі, шығармашылық көзқарасы, материалды ұсынудың эстетикалық мәдениеті критерийлері бойынша бағалады. Нәтижесінде, жоғары көрсеткішпен «Бақыт» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушісі Забира Аққорған І орынды жеңіп алды. Ал, «Болашақ-Нұры», «Айсұлу», «Айгөлек», «Балауса», «Шұғыла» бақшаларының тәрбиеленушілері ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Бұлан бөлек, байқауға қатысқан «Балдырған», «Жансая», «Айгүл», «Айсұлтан» бақшаларының тәрбиеленушілері «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Ал білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» атты іс-шара аудандық білім бөлімі тарапынан жоғары деңгейде өтті. Аудандық білім бөлімі басшылығының айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға білімнің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, оқуға құштарлығын арттыра отырып, білім алуға ынталарын дамыту, кітапты қадірлеуге, еңбекті сүюге тәрбиелеу.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүріп жатқан іс-шараға мектеп оқушыларының қызығушылығы күн санап артуда. Оқушылар өздерінің сабақтан тыс бос уақытын тиімді пайдаланып, мектеп кітапханаларына келген жаңа кітаптармен танысып, өз деңгейлеріне сәйкес шығармалар мен ертегілерді оқуда. Оқыған кітаптары туралы өзара бөлісіп, талдау жұмыстарын жүргізуде», - дейді аудандық білім бөлімінің өкілдері.
Бұдан бөлек, М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейінде 2-7-сынып оқушылары арасында «Зерде» ғылыми жобалар байқауы өтті. Балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын арттыру, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру, дарынды оқушылардың жұмысын дамыту мақсатын көздеген байқауға оқушылар мен олардың жетекшілері қатысты.
Әр сыныптың деңгейіне сәйкес ғылыми тақырыптар төңірегінде жұмыстар қаралды. «Білімді болу – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» - деп, белгісіз нәрсенің құпиясын ашуға ұмтылған дарынды оқушылар жұмыстарын жан-жақты талдап, жаңалықтарымен бөлісті. Әділқазылар алқасы оқушы жұмыстарына кері байланыс беріп, құнды зерттеу жұмыстарын ұсынған оқушыларды «Алғыс хаттармен» марапаттады.