Ордабасы аудандық білім бөлімі тарапынан мектеп мұғалімдерінің шабытын ашатын, ойына ой салатын, шығармашылығын шыңдайтын, ізденіске бағыттайтын, мектептегі жолға қойылған жұмысты одан әрі жандандыруға түрткі болатын жобалар мұғалімдердің тәжірибе алмасулар, семинарларын ұйымдастыру арқылы жалғасын табуда.
Жуырда аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Г.Молжігіт пен Ж.Мыңбаеваның ұйымдастырумен А.Шерімқұлов атындағы жалпы білім беретін мектепте беру ұйымдарындағы бастауыш 4-сынып мұғалімдерімен «Білім сапасын арттырудағы кедергілер, оларды шешу жолдары» атты тақырыбында ашық есік күні өткізілді.
Ашық есік күніне қатысушы мұғалімдер бастауыш сынып мұғалімдерінің білім беру жетістіктерінің мониторингісіне дайындық ретінде алынған сынама тест қорытындылары, талдаулары, тестік жинақтарымен, сонымен қатар, бастауыш сынып мұғалімдерінің баспасөз беттеріндегі және мектепішілік, аудан, облыс көлемінде таратылған іс тәжірибелерінен жасалған шығармашылық көрмемен танысты.
Жиын барысында мұғалімдер сабақ берді. Атап айтсақ, ашық есік күнінде «Бастауыш сынып білім алушыларының математикалық сауаттылығын қалыптастыру: шамалардың өлшем бірліктерін түрлендіру және оларға амалдар қолдану, өрнектеу тәсілдерін меңгерту» атты тақырыб аясында осы саланың мұғалімдері А.Байтұрсын, Б.Сырлыбаева, М.Досанова өз шеберліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ «Бастауыш сынып білім алушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру: шығарманы түрлі баяндау тәсілдерін қолдану арқылы мазмұндауға үйрету әдістері» атты тақырыбта А.Омаш пен Л.Сман сабақ өту тәсілдерін көпшілік назарына ұсынды. Ал «Білім алушылардың жаратылыстану – ғылыми сауаттылығын қалыптастыру: «жанды табиғат: өсімдіктің тіршілік циклі» атты тақырыбын оқытудағы тиімді тәсілдер» атты тақырыбында А.Оманова, Ұ.Шорманова шеберлік сабақтарын өткізді.
Шеберлік сабақтарында мұғалімдер тақырыпқа сай оқу мақсатына негізделген тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануды, тестік тапсырмаларды құру және тексеруде цифрлық ресурстарды қолданудың ұтымды жолдарын үйренді.
Қатысушы мұғалімдер мектеп ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, алдағы уақытта әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді.
Сондай-ақ Г.Молжігіт пен Ж.Мыңбаеваның ұйымдастырумен Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында да білім беру ұйымдарындағы бастауыш 4-сынып мұғалімдерімен жоғарыда аталған тақырыбта ашық есік күні жалғасын тапты. Ол мектепте тақырыпқа сай көрме ұйымдастырылды. Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімдері білім алушылар біліміндегі олқылықтарды анықтау, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жұмыстарымен таныстырды.
Сонымен қатар, мұғалімдердің ақпарат құралдарындағы шығармашылық іс-тәжірибелерімен, мектепішілік, аудандық білім бөлімі тарапынан таратылған озық іс-тәжірибелерін көрсетті. Ал мектеп-гимназиясының мұғалімдері өздеріне бөлінген тақырыптар аясында шеберлік сабақтарын өткізді.
Олар ашық есік күніне қатысушы әріптестерімен жеке, жұптық, топтық, ұжымдық жұмыстар жүргізе отырып, оқу мақсатына оқушыны жеткізуге, тестік тапсырмалар құруға үйрететін тың жобаларымен бөлісті.