Ордабасы ауданындағы Бәйтерек жалпы орта мектебінің оқу базасында аудандық оқушылардың дебат турнирі ұйымдастырылды. Аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Г.Молжігіттің айтуынша, бұл турнирге аудан мектептерінің 8-11-сынып оқушыларынан құралған отыз топ қатысқан. Оқушылар «Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады» атты тақырыбыб аясында білім сайысына түсіп, ой жарыстырып, ұтқырлық пен зеректіктерін танытқан.
- Еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен білім саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған идеологиялық басым бағыттар талқыланып, нақты шешу жолдары ұсынылды. Екі күнге жалғасқан кеңесте ел үшін маңызды мәселелердің түйіні тарқатылып, жүйелі ұсыныстар, кесімді шешімдер айтылды. Мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Бүгінгі таңда біз өз жоспарларымызды осы бағытта құрып, жоспарлы жұмыс істеудеміз, - дейді ол.
Оның айтуынша дебаттық тунирдің мақсаты – білім алушылардың бойында азаматтық ұстанымды, өзінің және қоғам алдында өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыру, елде байқалатын өзекті жағдайларды талдау және жариялы талқылау арқылы шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту.
Аудан бойынша ұйымдастырылған дебаттық турнирге 5 аймақтан жеңімпаз фракциялар қазақ, орыс, ағылшын лигалары бойынша 30 білімалушы қатысты. Дебаттық турнир тартысты да тартымды өтті. Әділқазылардың шешімімен турнир жеңімпаздары анықталып, турнирдің облыстық кезеңіне жолдама алды. Атап айтсақ, қазақ лигасы бойынша: Б. Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінен қатысқан «Айқап» фракциясы, мүшелері Таңшолпан Нысанбаева мен Ақнұр Рахымберді жеңімпаз атанды. Ал орыс лигасы тобынан ерекше көзге түскені Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектептің «Оратор» фракциясы болды. Ол топтың мүшелері Береке Ғаниқызы мен Диана Құрасбек топ жарды. Ағылшын лигасында Амангелді Иманов атындағы орта мектептің «Оратор» фракциясының мүшелері Абсаттар Мағжан мен Тулбасы Әдемінің бағы жанды.
Осы шараның марапаттау сәтіне аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы арнайы қатысты.
- Бүгінгі күні ауданымызда аудандық бірнеше байқау ұйымдастырылды. Соның бірі бүгінгі оқушылар арасындағы дебаттық турнир. Ал мұғалімдерімізде байқауларда өнер көрсетіп, өз біліктіліктерін дәлелдеуде. Мәселен, жуырда ұстаздар арасында өткен облыстық «Өнерлі ұстаз» байқауында Ордабасы ауданына қарасты Е.Ерназаров атындағы жалпы орта мектебінің ұстазы Айгерім Жұмашева бас жүлдені иеленді. Ол үш турдан құралған өнер бәйгесінде ұстазымыз өзін жан-жақты қырынан ерекше көрсетіп, жеңіске жетті. Бұдан бөлек, аудандағы Сыдық Ысмайлов атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, ағылшын тілі пәні мұғалімдері арасында ІІІ Ыбырай жазулары байқауы ұйымдастырылды.
Ең алғаш қазақ даласына мектеп ашқан, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы Ыбырай Алтынсаринның тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау, педагогтардың шығармашылық қабілетін дамыту, мемлекеттік тілде оқу, жазу сауаттылығын арттыру бойынша өткізілген байқау «Үміт еткен көзімнің нұры балам...», «Біз болмасақ, Сіз барсыз, үміт еткен достарым» және «Қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады...» атты номинациялар аясында аудан мұғалімдері өз шеберліктері мен біліктіліктерін көрсетті. Осы және ол байқауда облыстық кезеңге жолдама алған мұғалімдерге сәттілік тілейміз. Барлықтарына облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алған Айгерім Жұмашеваның сәттілігін, жолын берсін, - деді білім бөлімінің басшысы.
Дебаттық турдың барлық женімпаздар мен жетекшілер аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызының арнайы дипломдарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.