Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты П.Тәжібаева атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында қосымша білім беру педагогтеріне «Заманауи білім беру жүйесінде қосымша білім беру педагогының ролі» тақырыбында семинар өтті. Оған аудандағы 58 қосымша білім беру педагогтері қатысты.
Аудандық білім бөлімі әдіскері Ж.Анарбаеваның айтуынша, бұл басқосуда оқушылардың пәнге деген қызығушылығын қалыптастыра отырып, олардың білімдерін тереңдету және заманауи білім беру жүйесінде балалардың белсенділігін арттыру көзделіпті.
- Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен құрылтайда балалардың сапалы білім алып, олардың тұлға болып қалыптасуына елімізде бар жағдайдың жасалып отырғанын айтқан болатын. Сол талаптан шығу үшін біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Біздің де бүгінгі міндетіміз, көздегеніміз семинар барысында балалардың өзінің іс көрсетуіне, өзін-өзі дамытуына және тануына жағдай жасау. Балаларға қосымша білім беру қызметінің сапасын және нәтижелілігін бағалау критерийлерімен танысу. Біз осы семинарды өткізу барысында оған толық қол жеткіздік, - дейді ол.
Семинар барысында мұғалімдер Г.Отарбаева «Ерке-наз» үйірмесін, Г.Нұрымбетова «Табиғат құбылыстарының сырын білесің бе?» тақырыбында, Қ.Асилова мен М.Нұрақбай «Клуб весёлых ребятишек» тақырыптарында ақысыз үйірме сабақтарын өтіп, оқушылардың сабақтан тыс бос уақытын тиімді ұйымдастыруда өз тәжірибелерін көрсетіп бөлісті. Семинар соңында іс тәжірибелерімен бөліскен педагогтерге пікірлер мен ұсыныстар айтылды.