Қазығұрт ауданында «Аталар өсиеті» мектебі жұмыс істеуде. Бұл мектептің жұмысы осындағы Қарабастау жалпы білім беретін мектебіндегі оқушыларға өнеге, үлгі көрсету, олардың таным-дүниесін арттыруға бағытталған.
Жаңабазар ауылдық округінің әкімі А.Ақжоловтың айтуынша, ауылда республикалық «Өркендеу» жобасын іске асыру мақсатында «Аталар өсиеті» мектебі ашылып, мектеп оқушыларына тәлім-тәрбие көрсетуде екен.
- Ауылымызда құрылып, жұмыс істеп отырған «Аталар өсиеті» мектебінің негізгі мақсаты – балалар мен оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, өзге дінге енген оқушыларды анықтау жұмыстарын жүргізу, мектепте әлеуметтік жағдайы төмен ұлдарды анықтау, қылмысты болдырмау, тәртіп бұзуға бейім оқушылармен жеке жұмыс жүргізу. Мектепішілік бұйрығымен «Аталар алқасы» кеңесінің құрамы бекітіліп жылдық жоспар құрылған, - дейді ол.
Аталған кеңес құрамы мен оқушылар «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалды басшылыққа алып, мектептің ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Оқушылар еңбек ардагерлерімен бірлесе көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, мектеп ауласына 150 түп әртүрлі сәндік ағаштарды отырғызып, үлкен іс тындырды.
Бұл іс-шараға ауыл әкімі А.Ақжолов, Жаңабазар ауылдық ардагерлер төрағасы А.Тасай, «Аталар мектебінің» төрағасы Рүстембек Отарбеков, ардагер ұстаздар С.Бейсенов және Қ.Қалықбаев қатысып, оқушыларға баталарын беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Осы бір жақсы істен тыс қалмаған ауданнан келген ел ағасы Ж.Сүйеубеков, ауыл имамы Д.Есенбеков, ауыл тұрғыны Ш.Сыбанов және Қарабастау мектеп ұжымы ат салысты.
Мектеп директоры Гүлмира Тулешова еңбегін жоғары бағалаған ауыл қариялары игі бастамаға бастамашы болған азаматтар мен оқушыларға ақ баталарын берді. Мектеп басшысы өз кезегінде осындай елге, мектепке демеушілік жасап көшет берген Мүсір атаға алғысын білдіріп, рахметін айтты. Оның ісін оқушыларға үлгі етті.