Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицей базасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларына арналған аудандық оқыту әдістемелік көмек көрсету семинары өтті.
Онда мекеме басшыларының орынбасарларына BilimClass.kz электронды журналының жүргізілу барысы сөз болды.
Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Шерованың айтуынша, семинардың мақсаты – BilimClass.kz электронды журналды толық меңгерту, кәсіби шеберлігін шыңдап отыру және әдістемелік көмек көрсету.
- Қазіргі таңда мұғалімдерге қойылатын талап жоғары. Олардың баламен жұмыс істеуі, педогогтық біліктілігін арттырып отырумен қатар заман көшіне ілесіп отыруы маңызды. Қазіргі таңда цифрландыру жүйесі мектептерге де еніп, барлық жұмыстар электрондық нұсқаға көшірілуде. Оның ішінде электронды журнал, электронды күнделік, басқа да құжаттар бар. Оны игеру, алып жүру бойынша мұғалімдер мен мектеп басшылығын үнемі жинап, оқытып, біліктіліктерін арттырып, пысықтап отырамыз, - дейді ол.
Аталған семинардың ұйымдастыру кезеңін білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Шерова семинарға келгендерге ізгі тілегін білдіріп, семинарды ашып берді. Екінші кезеңде Б.Құдайназаров атындағы негізгі орта білім беретін мектебінің оқу орынбасары Д.Мауленов Bilimсlass.kz платформасында электронды журналды жүргізу бойынша өз баяндамасын жасап, жан жақты түсіндірді.
Семинар соңында білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Ж.Анарбаева қатысушылардың қойған көптеген сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды. Рефлексия бөлімінде кері байланыс беріліп, қатысушылар өздерінің әдістемелік қоржындарын қажетті дүниемен толықтырғанын айтып, алғыс білдірді.