Келес ауданынына қарасты Қошқарата ауылдық округінде орналасқан №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінде қосымша 300 орындық мектеп ғимараты салынуда. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елдімекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесуде Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр ауылында болып, халықпен кездесіп, мектептің жағдайымен танысты.
- Өздеріңізбен жыл басынан бері төртінші рет кездесіп отырмыз. Өткен жолғы кездесулерімізде жалпы 19 нақты мәселе көтеріліп, бүгінде түйіткілдерді шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі білім мәселесінде, нақтырақ айтсам оқушы санының артуына байланысты жаңа білім ошағын салу қажет болатын. Нәтижесінде Бесқұбыр елді мекеніндегі №25 С.Сейфуллин жалпы орта мектебінің қосымша 300 орындық мектеп ғимараты салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміздің тапсырмасымен биылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданда екі мектептің құрылысы басталса, екеуі жоспарлануда. Ал сіздердің ауылдарыңызда 300 орындық мектеп ғимараты салынуда. Яғни оқушы сыйымдылығын арттыру мақсатында жоба аясында бір мектеп салынуда деген сөз, - деді аудан басшысы.
Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда.
Атап өтерлігі, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленген. 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген.
Әдетте, ең озық білім ордаларының еліміздегі ірі қалаларда ғана ашылатыны белгілі. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіндігі айтылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.
Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың және 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары бар.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудан әкімі Бәйтерек елді мекеніндегі Жеңіс және М.Алтыбаев көшелерінің орта жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тас шағал төселіп, орта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сол қатарда Жаңақоныс елді мекенінің ішкі көшелеріне, Қарабура елді мекенін Б.Момышұлы көшесіне орта жөндеу және Мақташы елді мекеніндегі И.Есенберлин көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де сөз етті.
Аудан әкімі Қошқарата ауылдық округінің әрбір елді мекендерінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті. Атап айтқанда Қарабура елді мекені табиғи газға қол жеткізсе, Бесқұбыр ауылындағы емхана қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшірілді. Алдағы уақытта Жаңақоныс, Бесауыл ауылдарының ішкі көшелері орта жөндеуден өткізілсе, Алғабас елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынып, мектеппен бірге ел игіліген табысталмақ екен.