Түлкібас ауданында балалар спортын дамытуға қойылған талап жоғары. Олардың спортпен шүғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Түлкібас ауданы білім бөлілімінің дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің әдіскері Ж.Абиловтың айтуынша, Түлкібас ауданында 53 спорт зал, 150 спорт алаң, 25 гимнастикалық қалашық жұмыс істейді. Мектептерде спорттың 12 түрінен 11700 оқушы үйірме жұмыстарына қатысуда.
- Ауданда дене шынықтыру пәні бойынша 257 мұғалім қызмет атқарады. Осы оқу жылы Қазақстан Республикасының құрылғанына 32 жылдығына орай, «Ұлттық мектеп лигасы аясында» мектеп оқушылары арасында спорттың 11 түрінен аудандық жарыс жоспарланып, өткізілуде. Лиганың мақсаты -оқушыларды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, білім алушылар арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту және дарынды балаларды анықтау болып табылады, - дейді ол.
Оның айтуынша, өткен оқу жылының қорытындысымен Түлкібас ауданының мектеп оқушылары Түркістан облысы бойынша алдыңғы қатарда болса, Республикалық жарыста М.Әуезов атындағы орта мектептің 5-6-сынып оқушылары жеңіл атлетикалық кросстан 1орынды, С.Бреусов атындағы мектептің 9-11-сынып оқушылары 3 орынды, столдағы теннистен Абай атындағы мектеп-лицейдің 7-8-сынып оқушылары 2 орынды, бес асықтан Ғ. Мұратбаев атындағы мектептің 7-8-сынып оқушылары 3-орынды, 9-11 сынып оқушылары 3 орынды жеңіп алды.
Ал өткен аптада 5-6-сынып, 7-8-сынып, және 9-11 сынып оқушылары (ұлдар, қыздар) арасында «Былғары доп» футболдан аудандық жарыс өткен болатын. Ол жарысқа 40 мектептен 600 оқушы қатысты. Онда Абай, Т.Әубәкіров, С.Бреусов, Ю.Гагарин, Жамбыл, Б.Садықов, Т.Рысқұлов, А.Макаренко, С.Сейфуллин атындағы мектеп оқушылары белсендікпен қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Ал мұның алдында жеңілатлетикалық кросстан өткен жарысқа 50 мектептен 500 оқушы қатысып, М.Әуезов, С.Бреусов, Дауан, О.Кошевой, А.Макаренко атындағы мектеп оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
Өткен аптада оқушылар арасында волейболдан өткен аудандық жарыста Ә.Молдағұлова, М.Ломоносов, Ш.Мұртаза, Абай, Түркібасы, М.Лермонтов және Жамбыл, Б.Момышұлы С.Рахымов атындағы мектеп оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыстардың жоғары дәрежеде өтуіне жоғарыда аталған мектептердің дене шынықтыру пәні бірлестіктері және аудандық емхананың дәрігерлері қолдау көрсетті. Бағдарламада баскетболдан, футзалдан, «қол добы» гандболдан, столдағы теннистен, асық атудан, бес асықтан, шахматтан, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды. Ұлдар мен қыздар арасында өткізілген спорттық жарыстардың жеңімпаздары арнайы дипломдарен, сыйлықтармен марапатталды.