Түлкібас ауданында білім саласында көп жұмыс атқарылуда. Онымен арнайы облыстың бас ұстазы Ғалымжан Сұлтанбекұлы да таныс. Жуырда ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыстық білім басқармасының басшысы ондағы білім ошақтарының жұмысымен жан-жақты танысқан болатын.
Басқарма басшысы алдымен Түлкібас атындағы жалпы білім беретін мектепке келіп, қауіпсіздік жүйелерін тексерді. Білім ұясында 11 ішкі, 5 сыртқы бейнебақылау камерасы бар. Арнайы күзет қызметі бәрін қадағалап, мектепке келгендерді бақылап отырады. Дабыл батырмасы да тексерістен өткен. Қоршауы талапқа сай. Басқарма басшысы осы тұста қоршауды орнатқан мердігердің ұтқырлығын атап өтті. Олар қоршаудың тірек темірлердің төбесіне арнайы қақпа қойған. Бұл жаңбыр суының ішке кіріп, қоршаудың ерте қирамауынан құтқарады. Әрі ішіне күл-қоқыс та толмайды. Мектеп табиғи отынмен жылытылады. 1978 жылы пайдалануға берілген білім ордасына 10 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектеп 150 орындық болғанымен екі ауысымда 300-ден астам бала білім алуда. Бұл мектепке қосымша ғимаратты қажет екені белгілі болды.
Бұдан кейін басқарма басшысы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте болды. Ол білім ошағына да күрделі жөндеу керек екендігі анықталды. Басқарма басшысы келесі жылы өтініш беріп, жауаптыларға қолға алуды тапсырды.
Мектеп басшылығының айтуынша, 1200-ден астам білім алатын білім ошағы табиғи отынмен жылытылады екен. Онда 3 дабыл батырмасы мен арнайы мамандандырылған күзеті бар. 4 блоктан тұратын үлкен мектепте 24 бейнебақылау камерасы іске қосылған.
Ал Сабыр Рахымов атындағы орта мектепте 200 оқушының 79-ы бір реттік ыстық тамақпен қамтылған екен. Асханасының хәлі жақсы, ас мәзірі ілулі тұр. Балалардың денсаулығына зиян келтіретін заттар сатылмайды. Ішкі әжетхана және санитарлық тораптармен қамтамасыз етілген.
Бұдан кейін басқарма басшысы Састөбе ауылындағы Қарлығаш бөбекжай бақшасының жұмысымен танысты. 12 топтан тұратын балабақшада 299 бала тәрбиеленуде. 1972 жылы салынған ғимаратта бірқатар мәселе бар дейді басқарма басшысы. Бірінші кезекте ағымдағы жөндеуден бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Аудан тарапынан балабақшаның ішкі ауыз су, жарықтандыру, санитарлы тораптарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Ендігі кезекте басқармаға қосымша ұсыныс берілу керектігін айтты. Балабақша асханасындағы жылыту пеші ескірген. Мәселені назарға алған басқарма басшысы басқа аудандандарда «Е-асхана» пайдаланылып жатқан асханалардан пешті жеткізу керектігін айтты. Осылайша, мемлекет қаржысы да үнемделеді. Кей аудандарда жағдайы жақсы, бірақ көгілдір отынға көшкеніне орай жаңартылған пештері бар мекемелерден жұмылдырылатын айтты. Сондай-ақ, жақсы жағдайдағы жиһаздарды жеткізу жағын қолға алуды тапсырды.