Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында үш мектеп салынуда. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, ол мектептер Көксәйек, Қосағаш және Киелітас елдімекендерінде бой көтеруде.
- Биылдан бастап ауданымызда Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы үш мектептің құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ бұдан бөлек, оқушыларға арналып спорт кешені мен басқа жобалар аясында салынып жатқан мектептер бар, - дейді ол.
Оның айтуынша, Көксәйек елдімекенінде спорт кешенінің құрылыс жұмысын жүргізуге 836 миллион теңге қаралған. Ол нысанды алдағы жылы тапсыру көзделген. Нысанның құрылыс жұмысын «Корпорация Алем Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ал «Жайлы мектеп» жобасы аясында Көксәйек елдімекенінде 600 орындық, Қосағаш елдімекенінде 300 орындық, Киелітас елді мекенінде 900 орындық білім ошақтарының құрылыс жұмыстары басталған.
Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен Тағайна елдімекеніндегі 200 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осындағы Көксәйек, Қосағаш және Тағайна елдімекендеріндегі мектеп құрылысымен арнайы барып танысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев бұл нысандардың сапасы мен қолданылып жатқан құрылыс материалдарына баса назар аудару қажеттігін айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленген. 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген. Бүгінгі таңда «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан Көксәйек елді мекеніндегі білім ошағының құрылыс жұмысын «Жаңа Арна Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Мұндағы ғимараттың жалпы ауданы 8921.9 шаршыметрді, жалпы ауданы 2,04 гектарды құрайды. Мектепте заманауи талаптарға сай жедел саты (лифт) және пәндік сыныптар қарастырылған. Ал Қосағаш елді мекеніндегі мектеп құрылысына жауапты «Дос и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ондағы құрылыс жұмыстарын құрылыс жобасына сәйкес алдағы жылдың 31 желтоқсаныда дейін аяқтау жоспарланған. Мектепке берілген жер көлемі 1.97 гектарды құрайды, - дейді аудан әкімі.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев аудандағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыс сапасын бақылады. Төлеген Телғараев аудан аумағындағы құрылысы жүріп жатқан нысандар өз уақытында ел игілігіне берілуі тиістігін айтып, жауапты тұлғаларға әрбір жобаға мұқият болуды тапсырды.