Сайрам ауданындағы білім мекемелерінде білім алатын оқушылардың ішіндегі аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды тегін тамақпен қамту мәселесі дұрыс жолға қойылған. Сайрам ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлнар Нұртанованың айтуынша, ауданда азқамтылған отбасынан шыққан 19 мыңнан аса бала білім ошақтарында тегін тамақтануда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласына, оқушылардың жақсы білім, тәрбие алуына бар жағдайды қарастырған. Биылдан бастап Президентіміз еліміздегі 1-4-сынып оқушыларын республика бойынша бір реттік тегін тамақпен қамтуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 19089 бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыру ұйымдастырылды. Мектеп асханалары қажетті ыдыс-аяқпен жабдықталған. Бір балаға бір реттік тамақтың күндік ақысы – 502, 564, 610 теңгені құрайды, - дейді Гүлнар Нұртанова.
Оның айтуынша, жалпы осы оқу жылында аудандағы барлық мекемелерде асханалардың жобалық қуаттылығы бойынша талдау жасалынып, оқушыларды тамақтандыру кестесі оқу ауысымына қарай реттеліпті. Жылдан жылға бала саны артуына байланысты ауылдық жерлердегі мектеп асханаларын жаңарту мақсатында модульді асханалар құру жоспарланған.
Білім беру мекемелерінде тамақ дайындау және тарату кезінде жеткізілетін өнімдердің сапасын және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды бақылауды жүзеге асыру мақсатында бракераждық комиссиясы құрылған. Бракераждық комиссия толық құрамда аптасына бір рет жұмыс жүргізеді және тоқсанына бір рет мектеп директоры жанындағы кеңесте қаралады екен.
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығының 105 тармағына сәйкес, барлық білім мекемелерінің жеке әлеуметтік желі беттерінде «Мектептік тамақтандыру» айдары құрылған. Аталған айдарда ата-аналар және әлеуметтік желі қолданушылар үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында білім алушылардың тамақтандырылуы жөніндегі ақпараттар орналастырылады. Осы орайда №69 «Бескепе» негізгі орта мектебінің оқушыларды тегін бір реттік ыстықтамақпен қамту мақсатында атқарылған жұмыстармен таныса аласыз. Аталған білім ошағында 1-4-сыныптың 84 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп асханасы талапқа сай жабдықталып, оқушыларды сабақ кестесіне сәйкес кезекпен тамақтану жоспарланған, - дейді ол.