Түлкібас ауданының оқушылары жеткен жетістіктер аз емес. Түрлі байқауларда топ жарып жүрген оқушылар шет елге де жолдаманы ұтып алып, отбасымен демалуға мүмкіндік алуда. Атап айтсақ, жуырда облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасы мен республикалық «Ақылдым» журналы ұйымдастырған «Ақылды балаға – сыйлыққа «Ақылдым» акция-байқауының финалдық қорытындысы бойынша жүлделі орынға О.Кошевой атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Лала Кулиева ие болды.
- Облыста ұйымдастырылған байқауларда топ жарып жүрген шәкірттеріміз баршылық. Мәселен кеше ұйымдастырылған облыстық аталмыш акция-байқаудың ақтық кезеңінде 18 бала үш кезең бойынша бақ сынады. Нәтижесінде мектебіміздің 7-сыныбында тәлім алып жүрген үздік оқушы, Тастұмсық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Лала Шамқызы жүлделі екінші орынды иеленді. Байқаудың 2-орын жүлдегеріне Грузия еліне жолдама берілді. Бұл жолдамамен өлкемізден үш ересек адаммен бірге Грузия еліне барып-қайтуына мүмкіндік туып отыр, - дейді мектеп мұғалімдері.
Сонымен қатар Лала Шамқызы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің Алғыс хаты, «Ақылдым» журналын алты ай бойы тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификат, басқа да сыйлықтарды иеленді. Сондай-ақ байқаудың ақтық кезеңі барысында «Бала жазған ертегі» атты жинақтың тұсаукесері болып, дарынды Лала жазған ертегі кітапқа енді.