Қазығұрт ауданында балалардың құқығын сақтау алдыңғы орында. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Әлия Егізектің айтуынша, «Қазығұрт ауданында 2020-2023 жылдарға арналған балалардың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары» аясында мекемеаралық іс-шара жоспары негізінде аудандық полиция бөлімі және Қазығұрт ауданының білім бөлімінің бастамасымен аудандық орталық мәдениет сарайында «Жастар – біздің болашағымыз» атты форумы ұйымдастырылыпты.
Оған аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Серікбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай, ауданның бас имамы Әділхан Сертаев және аудан мектептеріндегі жоғарғы сыныптың қыздары, психологтары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда жас ұрпақ тәрбиесіне басымдық берген болатын. «Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді. Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», дей келіп, оның шешу жолдары мен бағыттарын айқындап берген болатын. Құқық қорғау органдарымен бірлесе өткізілген жиында ол мәселе де назарымыздан тыс қалмады, - дейді ол.
Оның айтуынша, форум барысында бүгінгі жасөспірімдердің тәрбиесі, отбасыдағы және қоғамдағы орны, қауіпсіздігі мен қылмыс жасауының алдын алу шараларын қаралып, талқыланды. Жиын барысында құзырлы орган басшылары баяндама жасап, өзекті мәселеге қатысты пікірлерін айтып, жастардың жарқын болашағы үшін жағдай жасау, алдыңғы аға буын өкілдері ретінде жол көрсету керектігін айтып, өмірден алынған, нақты статистикалық дәлелдемелер айтылып, форумға қатысып отырғандарға, оның ішінде оқушыларға үлкен қоғамдық пікір тудырды.
Сондай-ақ форум аясында «Аналар-асыл жандар» аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жиенкүл Сәрсен, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Бекболат Абуов, ауданның бас имамы Әділхан Айдарханұлы жас ұрпақтың бойында имандылық пен адамгершілік басты назарда болуын айтып, ата аналарды құрметтеуге шақырды.