Қазығұрт ауданында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында аудандық білім бөлімі тарапынан түрлі іс-шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылып отырады. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Әлия Егізектің айтуынша, жуырдан Шарбұлақ жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Педагогикалық идеялар» фестивалы ұйымдастырылыпты.
- Бүгінгі таңда мұғалімдердің жалақылары Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жыл санап арттырылуда. Бұл ең алдымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен кәсіби деңгейін шыңдауға көп көмегін тигізуде. Қазіргі таңда аудан мектептерінде түрлі үс-шаралар жоспары бекітіліп, алдымен ол мектепте, одан кейін аудандық деңгейде өткізілуде. Міне, сондай жоспардағы фестивалдің бірі Шарбұлақ орта мектебінде өтті. Оған мектеп мұғалімдері А.Тұрабаева, Ф.Маханбетова, К.Сәрсенова, А.Асанова, А.Мұсабековалар сабақ барысында қолданып жүрген педагогикалық жаңаша әдіс-тәсілдерін ортаға салып, жеткен жетістіктерімен бөлісті, - дейді ол.
Оның айтуынша, фестиваль педагогтердің кәсіби өсуі мен өзін-өзі шығармашылық жағынан жетілдіруін ынталандыру, бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи тәжірибені жинақтау және насихаттау мақсатында ұйымдастырылыпты.
Ол фестиваль тартысты да, қызықты өтті. Жарыс болған соң жүлдегерсіз болмайтыны белгілі. Бұл сайыста жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу практикасында жаңа педагогикалық технологиялар мен әдістерді насихаттап жүрген Ф.Маханбетова мен К.Сәрсенова аймақтық кезеңге жолдама алды.
Ал өзге қатысушылар да марапатсыз қалмады. Атап айтсақ, «Жаңашыл педагог» номинациясы А.Мұсабековаға, «Ізденімпаз педагог» аталымы А.Тұрабаеваға, «Шығармашыл педагог» номинациясы А.Асановаға берілді. Мектеп директорының оқу-тәрбие орынбасары Г.Ибрагим фестивальға қатысушы педагогтерді мектеп директорының алғыс хатымен марапаттап, аймақтық кезеңге жолдама алған Ф.Маханбетова мен К.Сәрсеноваға сенім артатындығын жеткізді.