Қазығұрт ауданындағы білім бөліміне қарасты орта мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық, арасында республикалық байқауларға да қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Жуырда облыстық білім басқармасы «Білім беруді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Арыс қаласы, №1 Е.Молдабаев атындағы мектеп –интернаты базасында өткен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы – ұйымдастырушылары арасындағы «Әскери патриотты жетекші – 2023» облыстық байқауынан қазығұрттық мұғалімдер жүлдемен оралды.
М.Өтемісұлы атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінінің мұғалімі А.Тұрлықұловтың айтуынша, байқау қызықты, әрі тартысты өткен. «Байқауда аудан намысын қорғап, жүлделі орыннан көрінуге барымызды салдық. Біздің де, қарсыластарымыздың да дайындығы жоғары болды. Дегенмен, байқауда аянып қалмадық. Бар білгенімізді, үйренгенімізді, ептілігімізді ортаға салып, көрсетуге тырыстық. Нәтижесі де жаман болмаған сияқты. Байқау соңында жеңіс соңынан көріндік», - дейді ол.
Жалпы ол байқауға Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты М.Өтемісұлы атындағы және Майбұлақ орта мектептерінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері А.Тұрдықұлов пен М.Нұрлыбаев қатысып, аудан намысын қорғаған болатын. Ал бұл тартысты байқауда оларға Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейі мен Жылыбұлақ жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері А.Мұстафаев пен А.Есқараев жаттықтырушы болды.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында «АК-74 автоматын толық емес бөлшектеп және қайта құрастыру» сайысында жалпы командалық есепте Қазығұрт ауданы II – орынға ие болды. Ал байқауда А.Тұрдықұлов пен М.Нұрлыбаев II дәрежелі дипломмен марапатталды.