Төлеби ауданында сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған

Төлеби ауданында 54 мектепке дейінгі ұйымда және 11 шағын орталықта 6585 бала тәрбиеленуде. Онда балаларға тәрбие мен оқуды тең қол жетімді қамтамасыз ететін 560 педагог жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балалар 98,8 пайыз қамтылған. 

Screenshot_32.jpg

Республикалық  деңгейде мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытуды дамыту модельі қабылданды. Ауданда мектепке дейінгі ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыруда жан-жақты әдістемелік қолдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Дегенмен бұл салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, біріншіден, баланың жайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз етуде барлық мектепке дейінгі ұйымдардың бейнекамераларын жаңарту. Екіншіден, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, түрлеріне қарамастан мектепке дейінгі ұйымда балалардың даралығы мен ерекшеліктерін қолдау. Үшіншіден, мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті ортада ерекше білім беру қажет балаларды психология-педагогикалық қолдауды толық қамтамасыз ету үшін арнайы педагог-дефектолог, педагог-логопед,  штаттарын кезең-кезеңмен қарастыру. Төртіншіден, балалары мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға тартылмаған ата-аналармен жұмыс жасау жоспарын түзіп, іс-шараларға ата-аналардың тікелей қатысуын ұйымдастыру. Бесіншіден, мектепке дейінгі ұйымдарда сапалы тәрбие мен оқуды ұйымдастыру үшін, материалдық-техникалық базаны нығайтудың кешенді жоспарын түзу. Алтыншыдан, педагогтардың біліктілігін арттыру, кәсіби дамуын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқару. Жетіншіден, ерте жастан ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің әмбебап тәсілдерін пайдалану. Сегіншіден, аттестаттаудың жаңа үлгісінен өткен тәрбиешілердің  үлесін арттыру. Тоғызыншыдан, ата-аналардың білім беру қызметін көрсету сапасына қанағаттануын анықтау бойынша тоқсанына бір рет электронды сауалнама жүргізу.

Білім беру саласыалдында бүгінде үлкен міндеттер тұр. Бүгінгі таңда ауданда 66 мектеп, 2 жеке меншік, 2 кешкі, 4 мектептен тыс мекеме балаларға сапалы білім мен тәрбие беруде. 1-11-сыныптарда 27818 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында оқушылардың жалпы білім сапасы 51,1 пайызды құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ол 8 пайызға өскен. Өткен оқу жылында 11- сыныпты 1513 түлек бітірді. Ұлттық бірыңғай тестке 1111 оқушы қатысты. Оған қатысқан түлектердің 529-ы жоғары оқу орнындарына мемлекеттік грантпен түсті. Бұл білім алушылардың 47,6 пайызын құрады. 

Жалпы мектеп бітірушілердің 51-і «Алтын белгі» белгісін иеленді, ол былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 31 оқушыға артық. Үздік аттестатты 145 оқушы иеленіп, 16 оқушыға жоғарылады.   

Білім алушылардың білім сапасын мониторингілеуге аудандағы 12 мектептің 4 және 9-сынып оқушылары қатысты. Былтыр қатысқан мектептердің нәтижесі бойынша 4-сыныптар облыста бірінші орын, 9-сыныптар сегізінші орыннан көрінген болатын. Өткен оқу жылында халықаралық зерттеулерге ауданның 4 мектебі қатысты. 

Ал биылғы оқу жылында 68 мектептің 67-і автономды жылыту жүйесімен, 1-і жай пешпен жылытылуда. 16 мектеп көмірмен, 52 мектеп көгілдір отынды пайдаланады. 6 мектеп көгілдір газға қосылған.     

«Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 4 білім ошағын салу жоспарлануда. Атап айтсақ, Қосағаш ауылында 300, Көксаек ауылында 600, Достық ауылында 900, Бірінші мамыр ауылында 900 орындық мектеп салу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылым бойынша Мәдени және Қаратөбе жалпы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қостөбе шағын жинақты жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жарияланған, нысан келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар, Ленгір қаласында 800 орындық оқушылар үйі, Зертас ауылдық округінде 150 орындық Шомшақты жалпы орта мектебі, Бірінші мамыр ауыл округінде 200 орындық Тағайна жалпы орта мектебі, Көксаек ауылдық округінде аудандық саз мектебінің қосымша ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын әлі де жаңғыртуды қажет етеді. Жалпы аудан мектептерінің пән кабинеттері 59,3 пайызы бұдан бірнеше жылдар бұрын жабдықталған. Ал 2023-2029 жылдар аралығында мектептерді кезең-кезеңімен пән кабинеттерімен қамтамасыз етудің жоспары жасалған. Жаңа оқу жылында 5 мектепке физика кабинеті, 5 мектепке химия кабинеті, 6 мектепке биология кабинеті, 7 мектепке STEM кабинеті алынады деп күтілуде. 

Бүгінде білім мекемелерінде 2561 компьютер бар. Оның 1483-і жұмыс істеп тұрса, 1078-інің жарамдылық уақыты өткен. Аудан бойынша 1 компьютерге 14 баладан келеді. Мектептердің 27-і «Казақтелеком», 22-і «Транстелеком», 17-і «Транстелеком» ГЧП келісім-шартқа тұрған. Деседе мектептердегі интернет жылдамдығының жұмыс істеуі төмен, қазіргі ақпараттық жылдамдыққа сай келмейді. Кең жолақты интернеттің болмауы ауыл мектептерінің білім алушыларының цифрлық білім беру ресурстарын қолдануын шектеп отыр.

Аудан мектептерінде барлығы 3785 мұғалім қызмет атқарады. Олардың жаңа форматта өз біліктіліктерін арттырғандары 2278, ол жалпы мұғалімдердің 60,3 пайызын құрайды. Былтырғы оқу жылында жалпы мектептердегі педагогтардың сағаты 13,61 сағатты, орташа жалақысы 372 724 мың теңгені құрады. Биылғы оқу жылында 2 балабақша  меңгерушісі ротацияланды, 10 мекеменің директоры ауысу тәртібімен бос тұрған мектептің директоры болып орын алмастырды. 

Бұл ротациялау білім беру ұйымдарындағы жұмыстың тиімділігін арттырып, білім сапасын көтеруге сеп болмақ. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы бірінші басшылардың өзінің кәсібилігі мен тәжірибесін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. 

Аудандағы 49 мектептегі асханалар сенімгерлікке берілген. Өткен оқу жылында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 971 баласы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.  Биыл 1-4-сыныптардағы барлық 11070 оқушыға ыстық тамақ берілуде. 

Ал аудан бойынша әлеуметтік  көмекті  қажет ететін 1830 оқушының 855-іне Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес оқушылардың арнайы есеп шоттарына қаржылай көмек аударылып берілді. 690 оқушыға «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Жалпыға міндетті білім беру қорынан бөлінген қаражатқа әлеуметтік статусқа ие 1000 оқушы, мектеп жанындағы лагерлер мен аула топтарында 2760 бала, ата-аналар демеушілігімен республика көлемінде орналасқан басқа да лагерлерде 1310 бала жазғы демалысын өткізді.

Бала тәрбиесінде отбасының маңызы зор. Отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналған. Жалпы аудан мектептерінде «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» жұмыс істеуде. 

Осы ұйым тарапынан әлеуметтік және психологиялық көмек әр баламен жеке жүргізіліп, мектепішілік есеп, сондай ақ кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде аудандық комиссиялар тарапынан жасалған профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінге дейін мектепішілік есепте түрлі себептермен тіркелген оқушылардан бөлек, аудандық полиция бөлімінде тіркеуде тұрғандары жоқ.  

Емхана қызметкерлері және мектептегі әжелер алқасы, мектеп психологтары ерте жүктіліктің алдын-алу бойынша мектеп оқушыларымен бүгінге дейін 47 кездесу, 35 дөңгөлек үстелдер өткізген. Ал қосымша білім беру мекемелеріндегі 51 үйірмеге 2332 оқушы, 809 мектептегі үйірмелер мен 295 спорттық секцияларға 14134 бала тартылған. Білім алушыларды интеллектуалдық және тұлғалық дамыту мақсатында  мектептерде «Ұшқыр ой» алаңы дебаттық 59 клубына 1030 оқушы қамтылған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен бүгінгі таңда балаларды қосымша  біліммен қамтамасыз етуде «Fablab» лабараториясы ашылды. 4-18 жас аралығында оқушылар соңғы үлгідегі электроника мен бұйымдар құрастыруды үйреніп, бос уақытын тиімді өткізуде. 

Қазіргі таңда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мәселелердің бірі. Қауіптің алдын-алу мақсатында баланың мектепке келуімен кетуін бақылау ішкі істер органдарының жедел басқару желісіне қосылған.  Биылғы оқу жылында 12 мектепке турникет орнату, 36 мектепті кәсіби күзет қызметімен қамту, 17 мектепке қоршауларды реттеуге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды. 

Ауданда барлығы 96 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала  бар. Қорғаншылыққа және қамқоршылыққа берілгені 93, патронаттық тәрбиеде 3 бала тәрбиеленуде. Өткен оқу жылында 11-сыныпты бітірген 8 жетім және ата ана қамқорлығынсыз қалған баланың 7-еуі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, біреуі колледжге түсуге ниет білдірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 4 түлек шекті деңгейден өтіп, колледждерге орналастырылды. 96 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 11-не тұрғын үй қорынан тұрғын үй берілді.

Өткен оқу жылында 22 мектепте 2738 оқушы тасымалданған. Биылғы оқу жылында 19 мектептен 1502 оқушы, олар Төлеби автобус паркі арқылы 6 мектептің 540 оқушысы, 10 мектеп автобусымен 774 бала, 11 газельмен 188 оқушыны тасымалдануда. 

Заман қанша өзгерсе де өзгермейтін бір ұғым бар. Ол – білім мен ғылым. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді адам. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сондықтан да шәкірттерімізге сапалы білім беруде,  шығармашылықпен еңбек етейік.

Бекайдар Тойлыбаев, 

Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер