Түлкібас ауданындағы білім мекемелерінде тәрбие мәселесі, соның ішінде қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Жуырда аудандағы А.Асқаров атындағы орта мектепте 8-11-сынып оқушылары арасында «Сырлас жеңгелер» клубының ұйымдасуымен қыздар жиналысы ұйымдастырылды.
«Сырлас жеңгелер» клубының төрайымы И.Жаримбетованың айтуынша, бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – қыз балаларды әдептілікке, сыпайлыққа, инабаттылыққа, шынайлыққа, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу. Мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
- Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды екенін айтқан болатын. «Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет» деді. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Осы тапсырма аясында «Сырлас жеңгелер» клубы өз жұмысын мектепте бастап кетті, - дейді ол.
Оның айтуынша бұл іс-шараға мектептің педагог-психологы К.Ошаева, мектеп медбикелері С.Мамедова мен Н.Ертаева қатысып, клуб жұмысы барысында оқушылармен сырласып, тәлім-тәрбие, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен мағұлмат берді. «Қызға қырық үйден тиым» себебін түсіндіріп, оларды әдепті, ибалы, иманды болуға шақырды.
Бұдан бөлек, клуб жұмысы барысында оқушыларға күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша ақпарат берді. Атап айтсақ, мектеп формасы, шаш үлгісі, мектептің ішкі тәртіп ережелерін түсіндірілді. «Ерте жүктіліктің алдын алу, қыздар тазалығы» мен салауатты өмір салты, денсаулық сақтау жайы сөз болды. Мектеп педагог-психолгы К.Ошаева жиын барысында жоғарыда айтылған күн тәртібіндегі мәселелерге тоқтала келіп, қыздардың тәртібі, әдептілігі, сабаққа қатысуы, мектеп формасы жайында айтып өтті.
Ал «Сырлас жеңгелер» клубының төрайымы И. Жаримбетова қыздарды тәрбиелі, білімді, өнерлі болып өсуге, қыз бала гигиеналық тазалықты дұрыс және күнделікті сақтауға үйрету; өз бойларын, ойын дөрекіліктен сақтандыру, қыздарды инабатты болып өсуге баулу мәселерін айтты. «Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады» деп айтып өтті.
«Қыз бала тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі» деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Олардың бойында имани тәрбие болғаны қажет. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз», - дейді ол.