Түлкібас ауданындағы білім ошақтарында оқу-тәрбие жұмысында ілгерілеу бар. Ол жұмыстардың нәтижесі мектептердегі үйірме жұмыстарының аясында іске асырылуда. Сол үйірме жұмысының бірі – «Адал ұрпақ» мектепаралық еріктілер клубы жұмысының аясында іске асырылу үстінде. Атап айтсақ, жуырда аудандағы Жәрімбетов ауылындағы спорт кешенінде «Адал ұрпақ» мектепаралық еріктілер клубының аймақтық және аудандық слеті ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты – әлеуметтік-құқықтық тәрбиелеу азамат және мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың мәні туралы түсінік алуға, құқықтар мен міндеттер туралы білім алуға, құқықтық нормаларды сақтау қажеттілігіне көз жеткізуге, сыбайлас-жемқорлық қоғамдық қауіпін түсінуге бағытталған.
Ол байқауға қатысқан А.Асқаров атындағы орта мектептің «Айбын» командасының жетекшісі Индира Жаримбетованың айтуынша, «Адал ұрпақ» еріктілер мектебі клубтарының аймақтық слеті тартысты өтіпті.
- Қазір мектеп оқушыларының жан-жақты дамуына басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. «Бұл мәселе бойынша мектепте алдағы оқу жылында шұғыл жұмыстар қолға алынуы қажет деп санаймын. Сондай-ақ, балалардың бойында елге құрмет, жерге сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, оларға экология туралы тәрбие беру үшін мектеп қабырғасында оқушылардың еріктілер клубтары құрылып, жүйелі жұмыс істеуі қолға алынады» деген болатын. Міне «Адал ұрпақ» еріктілер клубы мектептерде Президентіміздің тапсырмасымен құрылып, жұміс істеуде. Осы еріктілер клубы аясында аудандық спорт, білім сайыстары мен спорттық слеттер ұйымдастырылуда. Ауданда өткен слеттің шарттары үш шарттар тұрды. Бірінші шарты – топтың аты, Туы, Киім үлгісі. Бұл шарт бойынша командалардың топ басшылары баянат жасап, топ ұранын, әнін айтты. Екінші шарты: Әскериленген патриоттық іс-қимылдарды көрсету, ұшінші шарты: сұрақ-жауап. Осы шарттарды толық орындаған біздің мектеп оқушылары ақтық сында жеңіс тұғырынан көрінді, - дейді Индира Жаримбетова.
Байқау қорытындысында А.Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Айбын» командас «Адал ұрпақ» еріктілер мектебі клубтарының аймақтық слетінде І орынды жеңіп алды.
Бір атап өтерлігі, ауданда мектеп абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген еріктілер клубының мүшелеріне сәнді әскери киім формасын Түлкібас ауданының және Түркістан қаласының Құрметті азаматы, салық қызметінің үздігі Мыхтыбек Орынбаев демеушілік жасап мектепке алып берген екен. Оның сенімін Асанбай Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары ақтап отыр.