Бәйдібек ауданы білім бөліміне қарасты мектептердің білімді және тәрбиелі оқушылары ғылым мен өнер саласында өздерін жақсы қырынан танытуда. Мәселен, жуырда Түркістан облысының білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Jana dauir» мектеп-интернат базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңінде М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы 1 орынды жеңіп алды.
Байқау жеңімпазы Досалы Дінмұхамед облыстық байқаудың тартысты, әрі қызықты өткенін айтты. «Менің білетінім, облысымызда білімге құшатар жастар аз емес екен. Өзім сияқты ғылымға ден қойған жастардың көп екенін ғылыми жобамды қорғау барысында тани түстім. Әрбір ғылыми жоба маңыздылығымен, мазмұндылығымен жоғары, құнды. Жалпы осы ғылыми байқауға аудан мектептерінен 13 жұмыс ұсынылған екен. Байқау қорытындысында ауданымыздан екі жоба орын алып, республикаға жолдама алды, - дейді ол.
Сонымен екі жобаның бірі М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Досалы Дінмұхамед. Ол информатика секциясы бойынша 1 орын алған. Оны дайындаған жетекшісі Майра Молдашова. Екіншісі, 10- сынып оқушысы Жұмағали Шерхан, ол орыс тілі секциясы бойынша 2 орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті.
Бұдан бөлек, Бәйдібек аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «JAIDARMAN» ойыны өткізілді. Аудан орталығында тартысты өткен сайыста аудан жастарынан құралған командалар өз бақтарын сынады. Салмақты ойларын саналы әзілмен жеткізе білді. Сайыстың нәтижесі бойынша Жолдасбеков атындағы орта мектебінің «Chempions» командасы, Есіркеп батыр мектебінің «Байдың қыздары», С.Әбдіжаппаров атындағы мектептің «Shayanby» пен «Бәйдібек сити» командалары жеңіс тұғырынан көрінді.
Жайдарман ойындарында «Үздік ойыншы» номинациясымен Сіргебай Еркебұлан, Жұмаділ Асылжан халық ықыласына бөленіп, арнайы алғыс хатпен марапатталды. Ол жайдарман сайысына аудандық мәслихаттың депутаты Бекәділ Нұрғалиұлы қолдау білдіріп, демеушілік жасаған.