Жақында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан ел мығым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен өкілдері, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиында қоғамның дамуында ынтымақтың маңызы зор екеніне тоқталды.
– Бейбітшілік пен тұрақтылық және қоғамдық келісім – мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер мүшелері еліміздің су тасқыны орын алған өңірлеріне дүркін-дүркін гуманитарлық көмек жөнелтті. Мемлекет басшысы Түркістан өңіріндегі ел бірлігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды оң бағалады. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, елдігіміздің берік негізі. Отанымыз – Қазақстанды гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін баршаңызға бейбіт күн, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! – деген Бейсенбай Тәжібаев облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып, су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті үйлестіруге еңбек сіңірген «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелерін алғыс хатпен марапаттады. Сонымен бірге көпшілікті «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты әрі белсенді қатысуға шақырды.
Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Мемлекет басшысының қоғам-дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.
Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этнос аралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.
"Бірлік бар жерде - тірлік бар" дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Дөңгелек үстелде Түркістанның талантты оқушылары Отан, бірлік тақырыбында жалынды жырларын оқыды. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің мүшесі Нодиржон Хасантаев, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің мүшесі Зарина Загидуллина және өзге де азаматтар, белсенді жастар сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Өңірде ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ізгілікке жетелейтін іс-шаралар, жобалар жалғасады.
Кездесуден кейін «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Түркістандағы «Парасат» саябағы маңында ағаш көшеттерін отырғызып, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты.