Этносаралық келісім – ел бірлігінің кепілі

image.png

Таяуда Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар өтті. 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. 

Жиынға Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали және осы институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облыстық департаментінің басқарма бастығы Арман Қожабаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Күмісхан Таңатов, Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров қатысты.

Сонымен қатар, семинарда аудан, қала прокурорларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің бастықтары, аудандық, қалалық Полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары, аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының басшылары болды.

Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жүргізіп отырды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылғанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жоспарға сай міндетін орындап жатқанына тоқталды.

Мемлекетіміз егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші онжылдығына аяқ басты. Егемен Қазақстан Республикасының қара шаңырағында 130-дан астам ұлт пен ұлысты, 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Олардың ортақ мәмілеге келуі, бірлікте өмір сүруі ел ертеңі үшін аса маңызды. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту басты мақсаттарының бірі болды. Барлық азаматтардың мүдделерін қорғауға елдің негізгі заңы – Конституция кепілдік береді. Сондай-ақ біздің елімізде діни сенім бостандығына кепілдік берілген және дін мемлекеттен бөлінген. 

 Еліміздегі барлық этностар өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Мемлекеттік саясат елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымда екендігін айта кеткен жөн. Яғни, еліміздегі барша ұлттың өкілдері теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.

  Ел тәуелсіздігінің баянды болуының бір тетігі мемлекетіміздің 30 жылдан бері жүргізіп келе жатқан этносаясатымен тығыз байланысты. Осы уақыт аралығында әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына қосылу мақсатында ел дамуының стратегиялық бағыттарын қалыптастырды. Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы, мемлекеттің тұрақты дамуымен және өз кезегінде ел ішіндегі ұлтаралық бейбітшілікті қамтамасыз етуімен тікелей байланысты. Ал мұндай мақсатқа жету үшін қазақ қоғамының мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – этносаралық үйлесімділік пен келісім.

Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиіс.

Жиында Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова мазмұнды баяндама жасады. 

«Бүгінгі семинар өте маңызды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Түркістан облысында көп этнос өкілдері тұрады. Өңірде этносаралық қатынастар саласы бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.

 Ұлтаралық тыныштықты қамтамасыз ету, береке мен бірлікті ұстап қалу үшін 1995 жылдың наурыз айында әлем елдеріне үлгі болып отырған, этносаралық татулық пен тұрақтылықтың үздік көрінісі – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылған еді. Сол уақыттан бастап, Ассамблея біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықтың мекені етіп келеді. Ассамблея ұлттық-мәдени бірлестіктерді, кіші ассамблеяларды біріктіріп, олардың жұмысын үйлестіре отырып, мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда қоғамдағы топтастырушы және біріктіруші күшке айналып отыр. Ол мемлекеттің ұлттық саясатының өзекті міндеттерін шешуге белсенді түрде атсалысады. Саяси оқиғалар мен жағдайларға сараптама әрі болжам жасай отырып, қоғамдық келісім мен татулықты сақтауды қамтамасыз етудің жолдары бойынша өздерінің нақты ұсыныстарын жасап отырады.

 Тарих сахнасында ұлтаралық келісім мен дінаралық келісімнің бұзылуынанан көптеген мемлекеттер жоқ болып кетіп, мемлекеттік дәрежелерін жоғалтып алған жәйттер өте көп кездеседі. Басқа да мемлекеттерде қоғамдық бірліктің қозғаушы күші түрлі ұлттар мен ұлыстарға қысымдар жасалып, тілі мен дініне, салт-жоралғыларына, мәдениетіне қарсы әрекеттер жасап, ұлттың бұзылуына себепкер болуда. Дәл қазіргі таңда мемлекетіміз бұндай жағдайларға жол бермей, қайта дамуына барынша көмек беруде. Толеранттық сана, пікір саясат саласы болсын, әлеуметтік ортада қалыптасты.  

Алқалы басқосуда атап өтілгендей, Түркістан облысында этнос өкілдерінің қатысуымен болған құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу алгоритмі түзіліп, бекітілген. Этнос өкілдерінің қатысуымен қандайда бір келеңсіз оқиға орын алған кезде жауапты мемлекеттік және құқық қорғау органдары соның негізінде әрекет етеді.

image.png

Семинар барысында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өңірде этносаралық татулықты нығайту бағытында жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтып, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді. 

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бірлікке үндеген шара аясында өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар Ассамблея құрылымдарының өкілдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Этносаралық және конфессияаралық келісім – біздің баға жетпес қазынамыз. Біз мемлекеттің болашағы үшін ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті сақтауға және нығайтуға міндеттіміз», – деп атап көрсеткен болатын. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Байқағанымыздай ұлттар мен ұлыстардың дамуын, мәдениетін, тілін, дінін сақтау революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен даму қажет екендігін сөзге тиек етті.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер