«Қобыланды батыр» жыры - жастарға патриоттық рух береді

image.png

Биыл әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай бүгін Түркістанда «Қазақ хандығы тұсындағы идеология: Жауынгерлік рухты дәріптеудегі Қобыланды батыр жырының маңызы» тақырыбында республикалық ғылыми практикалық конференция өтті. 

«Фараб» кітапханасында өткен шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, қазақ батырларының тарихтағы рөлі туралы ой қозғап, патриоттық бағыттағы  конференция жұмысына сәттілік тіледі. 

– Өткен мен келешекті байланыстырып, тарихи сананы жаңғыртуда бүгінгі жиынның маңызы аса зор. Біз қашан да ханын ұлықтап, батырын қадірлеген халықпыз. Сондықтан да олардың еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Міне, осы үрдістің заңды жалғасы ретінде Қобыланды батырдың тұлғасының кеңінен ашу мақсатында алқалы жиын рухани шаһарда өтіп жатыр. Түркістан өңірі – еліміздің киелі де қасиетті мекені. Облыс орталығына айналғанына енді ғана алты жыл толса да, құтты мекеннің тарихы тым әріден басталады. Түркістанның жаңа кезеңге қадам басуы, қайта жаңғыруы тағы бір тынысын ашқандай. Бүгінгі жиында тарихи шаһардың өткені туралы тың мағлұматтар айтылып, батыр бейнесінің қайталанбас қырлары сөз болады деп ойлаймын. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында конференция қонақтары түрлі тақырыпта баяндама жасап, батырдың ерлігі жайлы сөз қозғады. Профессорлар Шәкір Ыбыраев пен Тынысбек Қоңыратбаев және Досай Кенжетай, доцент Бақыт Әбжат тың деректермен бөлісті. Шара әрі қарай Сауран ауданында жалғасты. Еңбекші Диқан ауылында қазақтың хас батыры Қобыланды батыр ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Қобыланды Тоқтарбайұлы – XV ғасырда өмір сүрген аты аңызға айналған халық батыры. Халық жадында сақталған әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды. 

Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түркі жұртының біразына халық ауыз әдебиеті өнері ортақ. Соның ішінде Қобыланды батыр – қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Онда Қобыландының батырлығы, күштілігі, адалдығы, намысқойлығы ерекше сипатталған. 

Қобыланды батыр - қазақ халқының қаһармандық жыры. Негізгі мазмұны – шет ел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзі халықтарының белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған классикалық шығарма. Жырдың ең көне түрі бізге жетпеген. “Қобыланды батыр” жырын жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрысынан толықтырып, өңдеп, әрлеп отырған. Сондықтан да, “Қобыланды батыр” жыры көп вариантты жыр. Бізге талай ғасыр талқысына түсіп, талай ақын-жазушылардың өңдеуінен өткен кейінгі нұсқасы ғана белгілі. “Қобыланды батыр” жырын жинау, хатқа түсіру жайы тек 19 ғасырда ғана қолға алынды. “Қобыланды батыр” жырының бізге 29 түпнұсқасы жеткен. Оның 26 нұсқасы – Қобыланды батырдың ерлігі жайында, ал 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырларға арналған. “Қобыланды батыр” жырының заңды жалғасы болып есептелетін Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Қай нұсқа болмасын алғаш хатқа түсіріп, оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен (мыс., Марабай, Мергенбай, Біржан, Нұрпейіс, Қабыл Сүйінішәлі, Дәулетше, т.б. нұсқалар) аталған. Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі, халық арасына кең тараған, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар. Бұл – мазмұны жағынан, көркемдік сапасы жөнінен болсын биік, оқшау тұрған жыр. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы. 1860 жылы қазақтың белгілі ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің марабай жыраудан халықтың көптеген ауыз әдебиеті үлгілерімен қатар “Қобыланды батыр” жырын жазып алған. Оның ең көркем, ең қызық бір тарауын Қобыландынң Тайбурылмен Қазан ханға қарсы шауып бара жатқан сәтін 1879 жылы баслып шыққан “Қырғыз хрестоматиясына” енгізді.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша монументті өнер туындыларының саны – 842. Оның ішінде ескерткіш – 89, бюст – 339, стелла – 414. Соңғы 3 жылда облыстың аудан қалаларында 31 ескерткіш орнатылған. Барлығы заң шеңберінде жүзеге асып, ұлылар тұлғасын ұлықтауда, батырларымызды насихаттауда, азаматтарымыздың патриоттық сезімін көтеру юойынша  жемісті жұмыстар атқарылуда. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер