Елімізде этносаралық татулық пен келісімді сақтау үшін әрдайым орнықты саясат жүргізілуде. Бұл – мемлекетіміздің мызғымас ұстанымы. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі зор. Бұл бағытта аймақ бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда
«Ұлтым басқа болса да, жаным қазақ». Кентау қаласының тұратын Андрей Косенко осылай дейді. Ол - нағыз еңбек адамы. Елуді еңсерген жігіт ағасы 17 жылдан бері үздіксіз Кентаудағы жылу орталығында жұмыс істеп келеді. Ол мұндағы темір-терсекті дәнекерлеп, түрлі құрылғыларды жөндейді.
Андрейдің өзі украин, ал әйелі орыс ұлтынан. Бүгінде екеуі 5 баланы жеткізіп, екі немере сүйіп отыр. Келіндері де әр түрлі ұлт өкілдерінен екен. Арасында қазақтар да бар.
Кейіпкеріміз сөз соңында қазақтың бар салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын ұстанатынын айтты. Өйткені кішкентайынан үлкендерден алған өнегесі, көріп өскен тәрбиесі сол. Әрі ол еліме деген құрметім,-деген Андрей Косенко: «Елдігіміздің тірегі, баға жетпес байлығымыз – бейбітшілік. Біз береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың арқасында тағдырдың талай қиын сәттерінен сүрінбей өткенбіз. Қазіргі таңда еліміздің экономикалық әл-ауқатын арттыру жолында өндірістің түрлі құрылымдарында, ауылшаруашылық саласында сан түрлі этнос өкілдері бас қосып қазақ даласында ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Достығымыз ұзағынан сүйіндіріп, жұмыла көтерген жүгіміз жеңіл болсын!» деп ағынан жарылды.