18 баланы бауырына басқан ана

image.png

Бірлік пен келісім – мемлекет тұғырының теңселмеуіне тірек болар бірден бір қуатты күш. Топыраққа тоғытылған өткенімізге зер салып, зерделейтін болсақ дәл осы достық пен татулықтың, берекелі тірліктің арқасында тағдырдың талай тайғақ кешулерінен аман шықтық.

Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады.

Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл – қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.

   Мұндай жомарттықты қазақ елі қазір де танытып жүр.  Оған дәлел кентаулық Түймегүл Ергешқызының көпке үлгі болар ісі. Ол  жастайынан жетім қалған кәріс, өзбек, орыс этносының балаларын бауырына басты

Бүгінде алтын жүректі ананың 18 баласы бар.

Түймегүл Ергешқызы ата-анасынан ерте айырылған 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. Олардың ұлттары да әртүрлi. Атап айтар болсақ, бiреуi орыс, бiреуi өзбек, ендi бiрi кәрiс ұлтынан.

Қалғандары қазақтың қаракөздерi. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан әр ұлт өкілінің балаларын көргенде Түймегүл апайдың үйі «шағын ассамблея» іспетті көрінеді.

«Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп, қарап жүргенiн көргенде жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Маған балалар әртүрлi жағдайда келдi. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым», – дейдi Түймегүл Ергешқызы.

Тұрғын үйде балалардың жаттығу жасауына, сабақ оқуына, бос уақыттарын тиiмдi өткiзуіне, демалуына арналған арнайы бөлмелер бар. Қажеттi жиһаздармен жабдықталып, көрнекiлiктермен қамтамасыз етiлген. Аулада бүлдiршiндер үшiн ойын құралдары орнатылған. Яғни, әрбір баланың қалыпты азамат болып өсуіне барлық жағдай жасалған.

«Балалар үйiне барсам жүрегiм ауырады. Барлық балаларды асырап алғым келiп тұрады», – дейдi қамқор жан.

Бүгінде Түймегүл Ергешқызы ұлдың үлкені Қайсарды үйлендіріп, еншісін берді. Ал, бойжеткен екі қызын той жасап ұзатты. Сондай-ақ, екі қызы студент болса, бір ұлы әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келді. Қалғаны мектепте оқып жүр. Нұрқанат есімді ұлы қарашаңыраққа бас болып отыр. Ұл-қыздарынан сүйген немерелері де бар. 

«Ұлдарымның барлығын сүндетке отырғызып, той жасап бердім. Қазір күнделікті тіршілікте қолғабыс етуде. Баршасы бой жетіп, ер жетіп үлкен өмірге қадам басып жатыр. Олар да бір-біріне бауырмал. Немерелерім де өсіп келеді. Солардың тәтті қылығын тамашалап жүріп, күннің қалай өткенінде білмей қаламын»-дейді ол.

Жалпы алтын жүректі ана бала асырап алуды 33 жасында бастаған. Алғашқы қызын қолға алған сәтінде үлкен әсерге бөленіпті. Содан жыл сайын отбасы мүшелері көбейе түскен. Ілгеріде балаларға қарау, жетілдіру қиындық тудырғанымен, кейін қалыптасып кеткен. Дегенмен, ол «18 баланы қамқорлыққа аламын деп ойламағанмын» - дейді.

«Өмiрiмнiң мәнiсi - өзгеге жақсылық жасау» - деп бiлетiн қамқор жанның басты мақсаты – бүлдiршiндерiн қатарынан кем қылмай өсiру, үлкен азамат етiп тәрбиелеу.

«Барлығы Алланың қалауымен болды. Мен бақыттымын. Мен балаларыммен бақыттымын» - дейді алтын жүректі ана.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер