Ордабасы ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай “Жастар орталығы” ғимаратында салтанатты жиын өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, “Amanat” партиясының Ордабасы аудандық филиалының жетекшісі Әлиасқар Бердімұратов, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Ғалымжан Қуашбаев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы
Бақдәулет Ташпулатов, дербес бөлімдердің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Салтанатты жиын Әнұранмен басталып, Мемлекетік Ту көтеріліп, Елтаңба төрге жеткізілді. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов сөз алып, аудан тұрғындарына мерекелік құттықтауын жеткізді. «Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті белгілер.
Мемлекеттік рәміздеріміз еліміз бен жеріміздің өткені мен бүгінін және ертеңін, болашақ көшін айқындаумен қатар, азаматтарына сасқанда сабыр, жол таппай қиналғанда ақыл қосатын қасиетті де құдіретті құндылық.
Аспан түстес көк байрағымыздағы қыран бүркіт халқымыздың арманын азат аспанға қалықтатса, шуақты күн мәңгілік елдің белгісіндей жарқырай түсуде. Ал, алтын қанатты қос тұлпар бейнеленген Елтаңбамыз елдігіміздің жарық жұлдызындай төрімізде жарқырауда.
«Менің Қазақстаным» атты Гимніміз әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей түсуде.
Ендеше, тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту – барша отандастарымыздың қасиетті борышы.
Халқымыздың мызғымас рухын, қаһармандығы мен даналығын дәріптеп, асқақ арман-тілегін болашаққа жеткізетін құнды белгілер жас ұрпағымыздың отансүйгіштік сезімін оятып, сенімін нығайта түседі.
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі арта берсін.
Халқымыз аман, еліміз тыныш, көк байрағымыз биікте желбірей түссін!»,- деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ еткен еңбектері еленген бірқатар азаматқа аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері отаншылдыққа шақыратын әндер шырқады.