Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне орай еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтті. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шара Отырар ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан орталығындағы Тутұғырда орналасқан Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.
Қазақстандық патриотизмді дәріптеу және дамыту, қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Гимнге деген терең құрмет сезімін қалыптастыру мақсатындағы шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов қатысып, елдігімізді айшықтайтын Рәміздерге құрмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шара одан әрі аудан жастарының мерекелік автошеруіне ұласты. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, патриотизмге үндеп, батылдыққа тәрбиелеген автошеруде ақ тұлпарды тізгіндеген «Алтын адам» көк туымызды көкке көтеріп, орталық көшелермен жүріп өтті.
Шәуілдір ауылындағы «Әл Фараби» орталық алаңына келіп тоқтаған «Алтын адам» көк туды ересектер арасында Белбеу күресінен әлем кубогы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жолдасбек Бектұрсыновқа табыстады. Әлем чемпионы көк байрағымызды көкке көтеріп аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановқа табыстады.
Азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы екенін айтқан ол еліміздің Мемлекеттік көк байрағы биікте желбіреп, мәртебесі арта беруіне тілектестігін жеткізді.
Әрбір азаматтың Отанын, жерін, елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатын Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған шаралар «Менің туым-менің мақтанышым» атты челленджі мен мерекелік құттықтауларға ұласып, отырарлықтар қастерлі мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде Мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды.
Біздің елімізде термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударылды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік Туы Олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспан түстес Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.