Қазіргі таңда Қазақстан – бейбітшілік пен келісімі сақталған, түрлі этностар өзара ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан біртұтас ел. Республикамыз – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Бүгінде халық саны 20 миллионнан астам адамды құрайды, оның ішінде мемлекет құраушы қазақтардың үлесі 71 пайызға жетті.
Қазақстан Республикасында этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналып отыр. Еліміздің Конституциясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілікті жүктейді. Елімізде ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделген. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасы жоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды даму үстінде. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – осыған дәлел болып табылады.
Түркістан облысы Созақ ауданында 17 этнос мемлекет құрушы һәм мемлекет құраушы қазақ халқының айналасына топтасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Сонау Қоқан хандығының кезінде қоныстанған өзбек халқы қазақтармен құда-жегжат, нағашылы-жиен болып біте қайнасып кеткен. Тәуелсіздікті қастер тұтатын аудан халқы «Бір ел – бір тағдыр» қағидатын мықтап ұстанып, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау, мемлекетті одан әрі нығайту жолында бес саусақтың саласындай ажырағысыз. Елдің еркіндігі біздің жарқын болашағымызға даңғыл жол салды. Енді біз осы бабалар қанымен келген, аға буынның маңдай терімен орныққан Тәуелсіздікті қастерлеуіміз керек. Бабалар арманын, тәуелсіз Қазақстанның жасампаз халқының егемендікті нық орнықтырудағы жанқиярлық еңбегін ұрпаққа аманаттауға тиіспіз.