Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.А. Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Н.Шойкин, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, филология және лингвистика саласындағы сарапшылар, тілтанушылар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этностардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдіктерінің мүшелері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында айтылған мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асырумен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және насихаттау.
Дөңгелек үстел аясында оқыту семинары ұйымдастырылып, оның барысында еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілін еркін меңгерген әр түрлі этностардың қатарынан жиналған қатысушылар өздерінің тілді үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды, сондай-ақ мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту әдістерін талқылады.
Семинардың тренерлері танымал медиа тұлғалар мен филология саласындағы сарапшылар болды.
Іс-шара барысында «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшесі Сабина Пак Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды. Аталған марапатты ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.А. Әзілханов арнайы табыс етті.
Өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген Сабина бүгінгі таңда Түркістан облысы, Арыс қаласы «DOSTYQ ARYS SHOOL» ЖШС-і директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып еңбек етуде.
Сабинаны бүгінгі марапатымен құттықтай отырып, әрдайым абырой биігінен көріне беруіне тілестестік білдіреміз!