Кентау қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің 2024 жылғы ІІ-тоқсандық отырысы өтті.
Отырысты Кеңес төрағасы Құрманбеков Жолдыбай Қожахметұлы ашып жүргізіп отырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз» деген болатын. Этностар арасында келеңсіздікке жол бермеу баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына, оның мүшелеріне артылған сенім жүгі жоғары. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз. Қасиетті Түркістан өңірінде тұрақтылықты сақтау, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, мемлекеттік тілді меңгеру, басқа мәдениет пен дәстүр өкілдерімен өзара тату іс-қимыл жасау дағдысын қалыптастыруда сіздердің қолдауларыңыз аса қажет »,- деді өз сөзінде Кеңес төрағасы.
Күн тәртібінде: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылдың 25 сәуір күні ҚХА ХХXIII-сессиясында «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деген болатын. Осыған орай, Кентау қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-і тарапынан 2024 жылы атқарылып жатқан жұмыстары туралы Асханова Жайсанкүл Инятханқызы баяндама жасады. Айтуынша облыста екі миллионнан астам халық болса, оның 24 % өзге этностар құрайды. Облыс халқының 95 % қазақ тілін меңгерсе, өзге ұлт өкілдерінің 74 % қазақ тілінде сөйлесе алады.
Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Нұрәліқызы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқаратындығын, мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударылып жатқандығын жоққа шығармаймыз деді.
Жиын соңында кеңес төрағасы Жолдыбай Қожахметұлы сөз алып, Садуов Талғат Нұралыұлының кандидатурасын ақсақалдар кеңесінің төрағалығына ұсынды. Нәтижесінде кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Талғат Нұралыұлы төрағалыққа сайланды. Қазыналы қарияларымыз бата тілектерін тілеп тарқасты.